59 мың бала пәтер күтіп жүр: министр жетім балалардың жағдайын айтты

Қазақстанда биыл жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 3 576 бала баспаналы болды. Дегенмен тұрғын үй кезегінде әлі 59 мың бала тұр.

Үкіметтің баспасөз қызметі

Астана, NEGE. Құрылтайда өткен Үкімет сағатында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова «Қазақстан балалары» тұжырымдамасының орындалу барысы туралы баяндап, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтік қолдау мәселесіне тоқталды.

Оның айтуынша, жетім балалармен жұмыс істеу үшін 616 маман даярланған. Ал баспанаға мұқтаж балалардың саны әлі де жоғары.

«2026 жылы 3 576 жетім бала пәтер алды, тағы 59 мың бала кезекте тұр», – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Министрдің мәліметінше, балалардың отбасында тәрбиелену және әлеуметтік қорғалу құқығын қамтамасыз ету үшін 28 іс-шара жоспарланған. Оның сегізі биыл жүзеге асырылуға тиіс, ал бесеуі жыл сайын өткізіледі.

Бұдан бөлек, «Қазақстан халқына» қоры балалар мен отбасыларды қолдауға бағытталған 120-дан астам бағдарлама мен жобаны қолдаған. Қазіргі уақытта әлеуметтік көмектің 49 түрі көрсетіліп жатыр.