56 құрылыс компаниясы жалған жұмыс тәжірибесімен мемлекеттік сатып алуларға қатысқан

Қаржы мониторингі агенттігі Алматыда мемлекеттік сатып алу саласындағы алаяқтық фактісі бойынша тергеп-тексерудің аяқталғанын хабарлады.

pixabay.com

Астана, NEGE. Агенттік мәліметінше, «КазСтройОпыт LTD» ЖШС басшысы коммерциялық ұйымдар үшін құрылыс жұмыстарының тәжірибесін жасанды түрде қалыптастыру схемасын ұйымдастырған. Схема әлеуметтік желілер мен интернет-платформалар арқылы белсенді түрде жарнамаланған.

Бұл мақсатта «Электрондық депозитарий» жүйесіне орындалған жұмыстар мен нысандарды пайдалануға беру туралы жалған актілер енгізіліп отырған. Осыдан кейін клиент-компаниялар мемлекеттік сатып алуларға қатысып, басқалардың алдында артықшылықтарға ие болған. 

Тергеу материалдарына сәйкес, 56 компанияның жалған жұмыс тәжірибесін қолданып, мемлекеттік сатып алуларға қатысқаны анықталды.

«Қылмыстық топ құрамына 11 адам кірген. Сонымен қатар Шымкент қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының лауазымды тұлғаларына жалған жұмыс тәжірибесін растағаны үшін заңсыз сыйақы жеткізіп отырған делдалдар анықталды», – делінген хабарламада.

Ал қылмыстық кірістерді заңдастыру үшін заңды тұлғалар пайдаланылған. Ақша солар арқылы жинақталып, қолма-қол ақшаға айналдырылған. Тергеу мәліметтері бойынша, қылмыстық табыс көлемі 490 млн теңгеден асқан.

Үш күдікті қамауға алынды, тағы сегіз тұлғаға қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Қазір оқып жатыр

Екі жылға сотталған Жанабыловтар әлеуметтік желіге қайта оралды

Отбасы банк «Бәйтерекке» 100 млрд теңге дивиденд төлейді

Almaty Superski таңдаулы топқа арналған курорт ретінде қабылданбауы керек – Аида Балаева

Атырау тұрғындары қаладағы ауа сапасына шағымданды: экологтар тексеру жүргізді