1 марта 2023 г. 11:54

«5:32»: Журналист Асқар Жалдинов сериалды түсіргендерге қарсы сотта жеңіске жетті

Фото:

«Протоколдан тыс. Қазақстандағы атышулы қылмыстар құпиясы» кітабының авторы Асқар Жалдинов пен «5:32» сериалын түсірушілер Salem Social Media арасында қозғалған іс бойынша сот шешімі шықты.

Алматы, NEGE. Алматы қалалық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, талапкер белгілі веб-сериалға сценарий жазу кезінде оның кітабын пайдалану фактісін негізге ала отырып, көпшілік алдында тануға мәжбүрлеу және 15 000 АЕК мөлшерінде авторлық құқықты бұзғаны үшін өтемақы және 3 млн теңге моральдық зиянды өтеу туралы талап арызбен сотқа жүгінді.

Сот жауапкерлердің веб-сериал сценарийі талап қоюшының кітабында көрсетілген оқиғаларға сүйеніп жазылғанын анықтады. Жауапкерлер бұл фактіні жоққа шығармай, талапкердің кітабы елімізде әртүрлі уақыт аралығында болған нақты қылмыстарға негізделгенін алға тартып, ҚР ҚК 974-бабының талаптарына сәйкес авторлық құқықтың бұзылуын мойындамады. ҚР Азаматтық кодексі бойынша ақпараттық сипаттағы оқиғалар мен фактілер авторлық құқық объектісі болып саналмайтынын және талапкер оларды монополиялай алмайтынын уәж етті. Осыған байланысты олар соттан талап арызды толығымен қанағаттандырусыз қалдыруды сұрады.

Сот тараптардың барлық уәждерін мұқият талдап, куәларды тыңдады. Нәтижесінде сараптамалық қорытындыларды зерделеп, шешімге келді.

Талапкер бұл кітапты жазу кезінде ІІМ мен республика соттарының мұрағаттарын, қылмыстық істер материалдарын зерделеу бойынша белгілі бір жұмыс жүргізген. Сондай-ақ, қылмыстарды ашуға тікелей қатысқан бұрынғы құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің естеліктерін авторлық интерпретацияны қолдана отырып пайдаланған. Аталған әрекеттерді ескере отырып, сот кітап – шығармашылық жұмыстың нәтижесі деген қорытындыға келді.

Сот барлық мән-жайларды ескере келе, парасаттылық пен әділеттілік қағидаттарына сүйене отырып, талапты ішінара қанағаттандырды. Сондай-ақ, жауапкерлерге кітапты пайдалану фактісін аталған сериалдың кредиттерінде қосып, көпшілік алдында мойындауға міндеттеді.

Жауапкерлерден талапкер пайдасына 1 000 АЕК көлемінде өтемақы және 1 млн теңге моральдық залал, сонымен қатар сот шығындары өндірілді. Ал, талап арыздың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылды.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Тегтер: