50 млн теңгеге дейін: «Ұмай» бағдарламасының жаңа шарттары жарияланды
Отбасы банк әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекалық бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау 31 тамызда басталатынын хабарлады. Бағдарлама арқылы 50 млн теңгеге дейін несие алуға болады.
Астана, NEGE. Бағдарлама Қазақстандағы әйелдердің баспана сатып алу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған. Оның басты ерекшеліктерінің бірі – өтінім берушінің атында басқа жылжымайтын мүлік болса да, бағдарламаға қатысуға рұқсат етіледі. Сондай-ақ тіркелген мекенжай бойынша шектеу жоқ, баспананы Қазақстанның кез келген қаласынан сатып алуға болады.
«Әйел баспананың иесі атанғанда, оның дүниеге деген көзқарасы өзгереді. Ол өзінің және балаларының болашағына сеніммен қарай бастайды. Бағдарламаның нақты нәтижесі бар екенін көріп отырмыз. Алғашқы үш жылда осы бағдарлама арқылы 3 600-ден астам қазақстандық әйел қоныс тойын атап өтті», – деді Отбасы банк басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.
«Ұмай» бағдарламасының шарттары қандай?
Несие бойынша бастапқы мөлшерлеме – жылдық 14,8%, ЖТСМ – 16,3%-дан 16,8%-ға дейін. Ең жоғары несие сомасы – 50 млн теңге.
Бағдарламаға қатысу үшін соңғы алты айдағы ресми табысты растау қажет. Отбасының орташа айлық таза табысы 1 млн 250 мың теңгеден аспауы тиіс.
Бастапқы жарна баспана сатып алынатын қалаға байланысты:
- Астана мен Алматыда – кемінде 20%;
- басқа қалаларда – кемінде 15%.
Несие көлемін есептеу кезінде пәтердің сату бағасы мен бағалау құны салыстырылады. Банк осы екі көрсеткіштің төменін негізге алады.
Қандай баспана алуға болады?
«Ұмай» арқылы пайдалануға берілген жаңа тұрғын үйді, салынып жатқан тұрғын үйді және қайталама нарықтағы баспананы сатып алуға болады. Бірақ қайталама нарықтағы үй 2016 жылдан бұрын салынбауы керек.
Салынып жатқан тұрғын үй Қазақстандық тұрғын үй компаниясының кепілдігімен немесе сақтандыру тетігі арқылы рәсімделуі тиіс. Ал бастапқы нарықтағы дайын баспана банктің Baspana Market маркетплейсі арқылы сатып алынады.
Сатып алынған баспана әйелдің атына рәсімделеді. Егер қарыз алушы некеде болса, жылжымайтын мүлік ерлі-зайыптылардың ортақ меншігі болады. Сондай-ақ қоса қарыз алушыны тартуға да рұқсат етіледі.
Жөндеуге де несие беріледі
Бағдарлама аясында әйелдер өздері тұрып жатқан баспананы жөндеуге 15 млн теңгеге дейін жеке қарыз ала алады.
Сонымен бірге депозитінде жеткілікті жинағы бар қатысушылар кейін тұрғын үй заемына өтіп, несие мөлшерлемесін жылдық 5%-ға дейін төмендете алады. Ол үшін депозит мерзімі кемінде үш жыл, жинақ көлемі 50%, бағалау көрсеткіші 16 болуы қажет.
«Ұмай» бағдарламасын қаржыландыруға Азия даму банкі қаражат бөледі. Қаржыландыру кезең-кезеңімен жүргізіледі. Отбасы банкке алғашқы 9 млрд теңге транш аударылған.
Өтінімді қалай береді?
Өтінімді Отбасы банктің «Бейнеқызмет көрсету» сервисі немесе Baspana Market-тегі жеке кабинет арқылы онлайн беруге болады. Электрондық құжаттар жеткілікті. Сондай-ақ банк бөлімшесіне барып өтінім беруге мүмкіндік бар.
Өтінім қабылдау 2026 жылғы 31 тамызда басталады.