24 февраля 2022 г. 17:26

48 жылдан кейін қойылған «Қан мен тер»

Фото:

М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында 23-26 ақпан аралығында  «Премьералар апталығы» басталды. Яғни, төрт күнде бес жаңа қойылым көрсетіледі. Соның көш басында жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы негізінде сахналанған «Қан мен тер. Ақбала» спектаклі тұр. 

Қойылым алдында шығармашылық топ әдеттегідей баспасөз мәслихаты өтіп, тілшілердің сұрағына жауап берді. «Қан мен тер. Ақбала» спектаклі 1974 жылы режиссер Әзірбайжан Мәмбетов қойған «Қан мен тердің» ремейкі десек те, аты аңызға айналған роман-трилогияның жаңа сахналық нұсқасы өзгеше, көп ізденіс бары байқалады. Сахналық нұсқасын жасаған – Мәдина Омарова, қоюшы режиссері – А.Оспанбаева, қоюшы-суретші – Қ.Түстікбаев.

Сонымен, көптен күткен спектакльді де тамашалап қайттық. Бұл ақпан айының 5-інде өмірден өткен көрнекті жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығармасына қойылған ескерткіш іспеттес болды. Жазушының өзі «...Әлі күнге бір бүйірің ауыл өміріне бұрып тұрады. Қанша қашыққа шырқап кетсең де, бойыңдағы бір тамырың туған жеріңнің топырағында бүлк-бүлк етіп соғып жатқандай. Кей күні... сен әлденеге өзек аузында жалғыз үй отырған балықшы шалдың қамыс қосын, жұпыны жиһазын, жалпылдақ шамын есіңе аласың. Өз үйің жайнап тұрса да, саған осынау балық сасыған кішкентай қос ыстық…» демекші, қойылымнан дәл сол сезімді біз де кештік.  

Спектакль басынан-ақ Арал теңізі жанында тіршілік кешкен балықшылардың  өмірі, күн көрісі, орыс басқыншылығы көрініс табады. Балық өндірісінің басшысы Федоровтың балықшыларды қанап, өлімге итермелеуі, бай мен кедей арасындағы тап күресі, әйел теңсіздігі, тағысын тағы. Мұнда негізгі басымдық Ақбаланың тағдыр тауқыметіне берілген. Ертедегі атастыру дәстүрі бойынша Еламанға тұрмысқа шыққан оның бар ойы жастайынан ғашық болған Тәңірбергенде. Мұны бірақ сездірмегендей болады, алайда ішкі түйсігі мықты Еламанның ойы үнемі екіге бөлініп жүреді.

 Алғашқы кезде ол бір түндік астында бірге тұрғасын бойы үйреніп кетер деп үміттеніп жүрген. Бірақ кешкісін үйге кеп әйелінің бетіне бір қарағаннан-ақ көңілі суып сала беретін. Еламан қасында құр сүлдесі жатқан әйелі Ақбаланың тәні ғана өзінікі, ал жаны басқа жақта екенін сезгенде жанын қоярға жер  таппайды. «Бейшара қайтсін, мен кінәлімін. Иә, иә, мен кінәлімін», – дейді Еламан ішінен.

Алайда, Еламанды әйелінің қас-қабағынан гөрі, ауылдағы балықшылардың тұрмыс-тіршілігі алаңдатады. Арал промселінің қожайыны «тентек Шодыр» атанған Федоров әлі дұрыстап қата қоймаған теңізге балықшыларды зорлап айдап салады. Жалданған балықшыларды басыбайлы құлы есепті ұрып соғады. Өзіне де қол көтерген соң іштей кіжініп жүрген Еламан суға кеткен балықшыларды сұрастырмай, ауын жоқтап тұрған дүниеқоңызды атып салады...

 Кездейсоқ оқиға. Еламан кісі өлтіремін деп ешқашан ойламаған. Тумысында жуас, ақ пейілді адам. Жазықсыз Андрей мен Жалмұраттың қазасы, көпестің олардың өмірінен дүние боқты жоғары қоюы, адамшылық ар-инабатының жоқтығы адал кеудеде кек отын тұтандырады. Сол «қылмысы» үшін айдалған Еламан ештеңеге өкінбейді де. 

Еламанның қас жауы, Ақбаланы айналшықтап, торуылдап жүрген Тәңірберген іс жүзінде ел ішіне іріткі салушы нағыз қызыл көздің өзі. Тып-тыныш отырған балықшылар ауылын екіге жарып, бір-бірімен өштестіріп, қастастырып қояды. Сөйтіп жүріп, күйеуі сотталған Ақбаланы тоқалдыққа алады. Ал басына түскен уақытша қиыншылыққа төзбей байдың баласы Тәңірбергенге тоқал болып, Еламаннан туған бесіктегі баласын ата-анасына қалдырып, қашып кетуі де Ақбаланың маңдайына тас боп тиеді. Күйдім-жандым деп алған Тәңірбергеннің Ақбалаға көрсеткен қиянаты, баласынан айырып қоя беруі, тіпті ақыр соңында қамшының астына алып, сабауы оның қатыгез келбетін айшықтай түседі. Құдды, бұл дүниеде Ақбала дейтін әйелінің болғанын тарс естен шығарғандай.

Ақыр соңында бүкіл ауыл масқара етіп, қорлап, салдақыға теңеуі Ақбаланың жанын күйзелтеді. Тәңірберген үйінен қуып та щығады. Айналып келіп әкесі Сүйеу шалдан да кешірім сұрайды. «Екі дүниеде де кешпейтінін» айтқан әкесі жүзі күйген қарабетке теңейді. Төркінінде қалуға жүзі шыдамай Шалқарға келген Ақбаламен ойда жоқта ұшырасқан Еламан да бұрынғы әйелін кешірмейтінін білдіреді. Себебі, сезімге бой алдырып, емшектен шықпаған баласын тастап, бір кезде айдауға кеткен Еламанға ол да бұрылмастан кетті емес пе?!

«Қан мен тер» трилогиясы нағыз психологияға құрылған шығарма. Ондағы кейіпкерлер де ішкі толқынысы мен арпалысын анық көрсетеді. Спектакльде осының бәрі көз алдымызда ашылғандай. Сахнаның безендірілуі, киім үлгісі, музыкалық көркемдеу ерекше үйлесім тапқан. Тағы бір айта кетерлігі, Еламанды сомдаған актер Азамат Сатыбалды мен Ақбаланың образын сахналаған актриса Назгүл Қарабалина араға жиырма жыл салып, бірге ойнады. Өнерде де, отбасында да тандем болған жұптың өз кейіпкерлерін жан-тәнімен танып, өз биігінде сомдағаны көрерменге басқаша әсер сыйлады.

P.S. «Қан мен тер. Ақбала» қойылымын Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев та тамашалады. Спектакль шымылдығын жапқан соң, актерлерді кезекті шығармашылық жеңісімен құттықтап, сәттілік тіледі.   

Тегтер: