4500 беттен тұратын талап-арыз түскен: Германия тұрғындары соттарды ЖИ арқылы әбігерге салуда

Германия соттарында жасанды интеллект арқылы әзірленетін талап-арыздар саны күрт өскен. Бір жағдайда судьяға көлемі 4500 бет болатын талап-арыз түскен.

magnific.com

Астана, NEGE. ChatGPT азаматтарға бірнеше секунд ішінде көлемді заң құжаттарын әзірлеуге мүмкіндік бергенімен, құжаттардың кейбірінде ойдан шығарылған сот шешімдері мен заңда жоқ нормаларға сілтемелер кездеседі, деп жазады Bild.

Әсіресе әлеуметтік соттарға түсетін жүктеме артқан. Мұндай сотқа ел азаматтары адвокаттың көмегінсіз жүгіне алады. Мәселен, Баден-Вюртемберг жерінде бір жыл ішінде шұғыл сот процестерінің саны 60 пайызға, ал әлеуметтік жәрдемақыларға қатысты даулар 80 пайызға өскен.

Ал Баварияда биылғы алты айда жәрдемақыға қатысты талап-арыздар саны 60 пайызға артқан. Бұл ретте судьялар талап-арыздың едәуір бөлігі іске қатысы жоқ мәтіннен тұрса да келіп түскен құжаттарды толық зерделеуге міндетті. 

Германияның Әділет министрлігі бұл мәселенің шешімі ретінде процестік заңнаманы реформалауға кіріскен. Соның ішінде ұзақ талап-арыздарды талдап, қысқарту үшін соттарға да жасанды интеллектіні пайдалануға рұқсат беру ұсынылып отыр. Сондай-ақ сот құжаттарының көлемі мен ресімделуіне қойылатын талаптар енгізілуі мүмкін.