40 жаста жүзуді бастаған қазақ қызы Балқаштың 21 шақырымын қалай бағындырды?
Жаннат Қатарбаева 2026 жылғы 29 тамызда Балқаш көлінде өткен халықаралық Oceanman Balhash Ultra жарысында 21 шақырымды жүзіп өтіп, осы қашықтықты бағындырған тұңғыш қазақ әйелі атанды.
Астана, NEGE. Ол жүзумен 40 жасында ғана айналыса бастаған. Бүгінде заңгерлік қызметін спортпен қатар алып жүрген Жаннат ашық суда ұзақ қашықтықтарға жүзіп, халықаралық жарыстарға қатысып жүр. Тілшіміз Жаннат Қатарбаевамен Балқаштағы ауыр сын, спорт және адам мүмкіндігінің шегін кеңейту туралы әңгімелесті.
Жаңаөзеннің тумасы бүгінде Астанада тұрады. Оның жүзумен айналысып келе жатқанына алты жыл болды.
«Шынымды айтсам, сол кезде мұндай деңгейге жетемін деп өзім де ойлаған жоқпын. Алғашында жүзуді денсаулығым үшін, өзім үшін бастадым. Кейін суға деген қызығушылығым артып, жаттығуларым көбейген сайын өз мүмкіндігімді сынап көргім келді», – дейді ол.
Бассейндегі жаттығулары біртіндеп ашық суда жүзуге ұласқан. Уақыт өте келе қашықтық ұзарып, мақсаты да өзгерген. Бапкері Дмитрий Деревянконың жетекшілігімен жүйелі түрде жаттығып жүрген Жаннат осы уақыт ішінде Қазақстанның әртүрлі су айдындарында ұйымдастырылған жарыстарда 8 және 10 шақырымды жүзіп өтіп, бірнеше мәрте жүлдеге ие болған.
Оның айтуынша, ашық суда жүзу бассейндегі жаттығудан мүлдем бөлек. Мұнда спортшы тек қашықтықпен емес, табиғатпен де санасуға мәжбүр.
«Oceanman – ашық суда жүзетін спортшылар үшін өте қызық халықаралық жарыстардың бірі. Ол үлкен төзімділік пен жан-жақты физикалық дайындықты талап етеді. Ең бастысы – өз денеңді тыңдауды үйрену», – дейді Жаннат.
Ол Қазақстандағы жарыстармен шектелмей, Италияда өткен Oceanman халықаралық додасына қатысқан. Италия оның есінде жарыстың атмосферасымен қалған. Әлемнің әр жерінен келген спортшылар, жаңа орта, бәсеке – мұның бәрі Жаннатқа келесі межеге ұмтылуға түрткі болды. Бірақ оның ең үлкен сынағы шетелде емес, Қазақстанда күтіп тұр еді.
21 шақырымдық Балқаш
Балқашты жүзіп өту туралы шешім бір сәтте қабылданбаған. Ұзақ қашықтықтарға жаттыққан сайын Жаннат өзіне бұдан да күрделі мақсат іздей бастаған.
«Балқаш мен үшін жай ғана көл емес, еліміздің табиғи ерекшелігі бар ерекше жері. Сондықтан осындай қашықтықты Қазақстанда жүзіп өту туралы ой мені қатты қызықтырды», – дейді спортшы.
Бірақ жүзу басталғанда көл мінез көрсетіп, қатты жел көтеріліп, толқын күшейген. Алдын ала жоспарланған қашықтық әлдеқайда ауыр сынаққа айналды дейді ол. Жаннат кей сәтте мәреге дейінгі 21 шақырымды ойламауға тырысқан. Оның орнына қашықтықты ойша кішкентай бөліктерге бөлген.
«Жарысты тоқтату туралы ой келген сәттер болды. Бірақ сондай кезде өзіме: “Тағы біраз жүз. Келесі нүктеге дейін жет”, – деп айтып отырдым», – деп еске алды ол.
Бір нүктеге жету. Содан кейін келесісіне қарай жүзу. Тағы бірнеше метр. Тағы бір шағын бөлік. Осылайша 21 шақырым бір үлкен әрі қорқынышты қашықтық емес, бірінен кейін бірі бағындырылатын шағын межелерге айналған. Жаннат Балқашта 21 шақырымды жүзіп өткен тұңғыш қазақ әйелі атанғанын мәреге жеткенде ғана білген.
«Мәреге жеткен сәттегі сезімді сөзбен жеткізу қиын. Қатты қуандым әрі толқыдым. Бірақ бұл мен үшін жеке жетістік қана емес. Бұл нәтиже әйел адамның белгілі бір жастан кейін де алдына үлкен мақсат қойып, оған жете алатынын көрсетеді», – дейді ол.
Жаннат Италиядағы Oceanman жарысы мен Балқаштағы жүзуді салыстыру қиын екенін айтады. Италиядағы жарыс ұйымдастырылу деңгейі және ерекше атмосферасымен есте қалса, Балқаштағы дода мүлдем басқа сынақ болған.
«Балқаштағы 21 шақырым мен үшін физикалық әрі психологиялық тұрғыдан өте үлкен сынақ болды. Жел, толқын және ұзақ қашықтық қосылып, жүзуді қиындата түсті. Бірақ дәл осы қиындық жетістіктің құндылығын арттырды деп ойлаймын», – дейді ол.
Жаннаттың оқиғасындағы ең қызығы – оның 21 шақырымды жүзіп өткені ғана емес. Ол бұл жолды бала кезінен спортпен айналысқан кәсіби жүзуші ретінде бастаған жоқ. Жүзуге өмірдің бел ортасында келді. Сондықтан біз одан «Бастауға кеш қалдым» деп ойлайтын адамдарға не айтарын сұрадық.
«Менің тәжірибемнен түйген ең басты сабағым – ештеңені бастауға кеш емес. 40 жасымда жүзуді бастағанда, бір күні осындай қашықтықтарды бағындырамын деп ойлаған жоқпын. “Жасым өтіп кетті”, “енді бастауға кеш” деген ойларға бой алдырмау керек. Әр адамның өз уақыты бар. Ең бастысы – өзіңді басқалармен емес, кешегі өзіңмен салыстыру», – дейді Жаннат Қатарбаева.
Ал келесі межесін ол әзірге нақты шақырыммен өлшемейді. Жаннат үшін ендігі мақсат – бұрынғыдан да мықты болу және осы жолдан ләззат алуды ұмытпау. Балқаштан кейін ол бір нәрсені анық түсінді: кейде адам мүмкіндігінің шегін жасы емес, өзінің қай жерде тоқтайтыны белгілейді.