40 млрд теңге және 2 млн-дай бір реттік доза: Қарағанды облысында ірі есірткі зертханасының жұмысы тоқтатылды
Қарағанды облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ҰҚКД және облыс прокуратурасымен бірлесіп, мефедрон өндіретін ірі есірткі зертханасының қызметін тоқтатты.
Астана, NEGE. Жедел операция трансұлттық қылмыстық топқа қатысты жүргізілген. Тергеу мәліметінше, қылмыстық топ мүшелері Қазақстан мен көршілес мемлекеттердің аумағында есірткі және психотроптық заттарды аса ірі мөлшерде өндіріп, кейін заңсыз сатумен айналысқан.
Жедел-іздестіру және тергеу шараларының нәтижесінде 48 және 28 жастағы екі күдікті ұсталды.
Тергеу мәліметінше, 48 жастағы күдікті ұйымдастырушылық жұмыстарды атқарған. Ол жаңа мүшелерді тартып, олардың қызметін үйлестіріп отырған. Ал екінші күдікті есірткі зертханасының жұмысын тікелей ұйымдастырып, жаңа қатысушыларға есірткі және психотроптық заттарды дайындау тәсілдерін үйреткен.
«Зертхана аумағын тінту кезінде көлемі 50 тонна болатын өнеркәсіптік цистерна анықталды. Тергеу шаралары жүргізілген кезде оның ішінде шамамен 16 тонна өңделген өнім мен сұйықтық болған. Сонымен қатар көлемі бір тонна болатын екі ыдыс, оның ішінде өткір химиялық иісі бар заттардың қалдықтары, белгісіз сұйықтық құйылған 20 литрлік үш канистр және ұнтақ тәрізді заттың қалдықтары бар 10 полимер қап тәркіленді», – деп хабарлады Қарағанды облыстық полиция департаментінің бастығы Негмет Исмағұлов.
Зерттеу жүргізу үшін өнеркәсіптік цистернадағы заттан 10 литр сынама алынды. Сараптама қорытындысына сәйкес, ұсынылған сынамадан мефедрон анықталған. Зерттелген сынамадағы есірткі затының салмағы 1 келі 723 грамм болды.
Мамандардың алдын ала есептеуінше, анықталған заттың көлемі мен зерттеу нәтижелерін ескергенде, дайын мефедронның ықтимал мөлшері 2 тоннаға дейін жетуі мүмкін. Бұл – шамамен 2 млн бір реттік доза. Олар заңсыз айналымға шығарылуы мүмкін еді. Есірткінің заңсыз нарықтағы алдын ала құны 40 млрд теңгеге дейін бағаланды.
«Осылайша құқық қорғау органдары есірткінің аса ірі партиясы заңсыз айналымға түспей тұрып, ауқымды есірткі өндірісінің жолын кесті», – деп атап өтті Негмет Исмағұлов.
Екі күдікті де қамауға алынды.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта қылмыстық әрекеттің барлық мән-жайы, шикізаттың қайдан келгені, күдіктілердің ықтимал байланыстары мен трансұлттық топтың өзге де мүшелері анықталып жатыр.