+35°С ыстық және үсік: қыркүйекке арналған ауа райы болжамы жарияланды

Синоптиктер қыркүйекке арналған күн райының консультативтік болжамын ұсынды. Бұл айда Қазақстанның барлық аумағында ауаның орташа айлық температурасы тамыз айымен салыстырғанда біртіндеп 5–7°С-қа төмендейді.

pixabay.com

Астана, NEGE. «Қазгидромет» ұсынған болжамға сәйкес, қыркүйек айының басында Қазақстанның батысы мен оңтүстігінде күни жаздағыдай ыстық болады. Ал елдің солтүстік, орталық және шығыс облыстарында күзге тән салқын ауа райы орнап, жауын-шашын түседі, жаңбырдың қарға ұласуы, желдің екпін алуы мүмкін.

Алайда бірінші онкүндіктің ортасынан бастап республиканың басым бөлігінде күн жауын-шашынсыз болып, температуралық фон айтарлықтай жоғарылайды:

  • республиканың батысында, солтүстік-батысында және оңтүстік-батысында күндіз ауа температурасы 25 35°С-қа дейін;
  • республиканың солтүстігінде, солтүстік-батысында (Қостанай облысында), орталығында және шығысында түнде температура 0, 8°С-тан 8 15°С-қа дейін, күндіз 10 18°С-тан 22 30°С-қа дейін жоғарылайды;
  • елдің оңтүстігінде температураның негізгі фоны түнде 13 20°С, күндіз 25 35°С болады;
  • оңтүстік-шығыста түнде 10 18°С аралығында, күндіз 20 28°С-тан 25 33°С-қа дейін жоғарылайды.

«Бірінші онкүндіктің екінші жартысында батыс және солтүстік-батыс өңірлерге, одан кейін республиканың қалған аумағында кезекті солтүстік-батыс циклонының енуіне байланысты ауа райы құбылмалы сипат алады. Жауын-шашын түсіп, жел күшейеді, аптап ыстықтың беті қайтады», – делінген ауа райы болжамында.

Синоптиктер болжамына сәйкес, қыркүйектің екінші және үшінші онкүндіктерінде ауа температурасы төмендеп, үсік жүреді  болжанады:

  • батыс және солтүстік-батыс өңірлерде ауа температурасы түнде 0, 5°С-тан, топырақ бетінде 3°С үсік 11 16°С-қа дейін, күндіз 27 35°С-тан 12 22°С-қа дейін ауытқиды;
  • елдің солтүстігінде, орталығында және шығысында ауа температурасы түнде 0, 5°С-тан, топырақ бетінде 3°С үсік 5 13°С-қа дейін, күндіз 20 30°С-тан 8 17°С-қа дейін;
  • Қазақстанның оңтүстік жартысында ауа температурасының түнде 2 10°С-тан, таулы аудандарда 1–6°С үсік 12 17°С-қа дейін, күндіз 25 33°С-тан 15 22°С-қа дейін ауытқуы болжанады.

Қыркүйек айында еліміздің басым бөлігінде ауаның орташа температурасы климаттық норма шамасында болады деп болжанып отыр. Ал Батыс Қазақстан облысында, Атырау және Маңғыстау облыстарының батысында ауа температурасы нормадан 1°С-қа жоғары болмақ.

Мамандар жауын-шашын мөлшері негізінен норма шегінде болатынын айтады. Қазақстанның қиыр батысында, солтүстік-батысында және солтүстік-шығыс бөлігінде әдеттегіден көбірек жауын-шашын түседі деп болжанады, ал оңтүстік және оңтүстік-батыс өңірлерде нормадан аз жауын-шашын күтіледі.