27 сентября 2022 г. 19:13

320 000-ға жуық шетел азаматы қазақстандық ЖСН алған

Фото:

Қазір еліміздегі Халыққа қызмет көрсету орталықтарында ресейлік азаматтардың ұзын-сонар кезегі пайда болды. Бұл халықтың үлкен алаңдатушылығы мен наразылығын тудыруда.

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілдерімен осы мәселе төңірегіндегі баспасөз брифингі өтті. Қоғам тарапынан туындаған сұрақтарға қатысты NEGE тілшісі сараптама жасап көрді.

Ресей азаматтарына қазақстандық ЖСН не үшін керек?

Министрлік өкілдерінің айтуынша, шетелдіктер үшін ЖСН Қазақстанда жұмысқа тұру үшін еңбек келісімшартын жасасуға, тапсырыстар беру мен қызмет көрсетуге, салық есептерін жүргізуге, ең бастысы банк операцияларын қолдану мен шот ашу үшін керек. Сондай-ақ ЖСН шетел азаматтарының Қазақстан заңнамасы бойынша тексеріліп, құқықтық-әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін де қажет. Сол себепті ол барлық резидентке міндетті. Жеке заңдық куәлігі арқылы өтініш берген азамат бір күн ішінде ЖСН ала алады.

Шетелдіктерге жеке ХҚК орталықтары қызмет етеді

Резиденттер үшін 8 қалада арнайы ХҚК орталығы жұмыс істеп тұр. Олар Астана, Алматы, Қостанай, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақтөбе, Ақмола облыстары. Ең көп ресейлік клиенттер шоғыры Астана мен Алматыда тіркелген. жеделдетілген бағытта қызмет көрсету үшін осы арнайы орталықтардағы жұмыс күші 148 пайызға артқан. Қазір сол арнайы Ресей азаматтарына қызмет көрсететін 8 орталықты үлкейту үшін басқа да ғимараттарды жалға алу мәселелері қарастырылып жатыр.

Кешегі статистика бойынша бір күн ішінде 13 000 адам ЖСН алуға өтініш берген. Оның 3 000-ы Астанаға тиесілі.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің вице-министрі Әсет Тұрысовтың айтуынша, бұндай бір күндік көрсеткіш бұрын бір айдың көлемінде тіркелген.

Қазақстан азаматтарына кезексіз қызмет көрсетіле ме?

Ел тұрғындары кезекті egov mobile қосымшасы, EgovKzBot2.0 телеграм ботқа тіркелу немесе 1414 нөміріне хабарласу арқылы алдын-ала брондай алады.

– Ресей азаматтарына бөлек ХҚК орталықтары белгіленгендіктен, ел азаматтарына ешқандай кедергі жоқ. Қазақстандықтарға қызмет көрсету – біз үшін ең басты приоритет, – деді «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ басқарма төрағасы Сүйеніш Әбділдин.

Ресейліктердің жеке мәліметтері тексерілмейді

ХҚК орталықтарында клиенттерге ЖСН, ЭЦҚ кілттерін берумен айналысатындықтан, ол азаматтардың жеке мәліметтері тексерілмейді. Ресей азаматтарына уақытша кезеңге бір рет қана берілетін ЖСН ол азамат Қазақстаннан шығып кеткеннен кейін де сақталады. Ал оның 90 күннен кейін, одан да ұзақ мерзімге созу мәселесі ІІМ көші-қон полициясы арқылы шешіледі.

ХҚК мамандары моральдық қысымнан қорғалған ба?

ХҚК орталықтарындағы жағдайларды толық қадағалап отыратын ситуациондық бөлімшелер бар. Кез келген орталықтың филиалында психолог мамандар қызметкерлерге көмек көрсетеді.  Министрлік өкілдері осы кезге дейін ХҚК орталықтарында ресей азаматтарының тәртіп бұзу фактілері тіркелмегенін айтады. Жыл басынан бері ЖСН алуға 320 000-ға жуық шетел азаматы өтініш берген. Оның 97 пайызы –Ресей азаматтары.

Тегтер: