32 мың теңге беріп, 752 мың теңге талап еткен: депутат заңсыз несие берушілерді бақылауға шақырды
«Ақ жол» фракциясының депутаты Юрий Ли Қазақстанда заңсыз қарыз берумен айналысатын ұйымдарға бақылауды күшейтуге шақырды.
Астана, NEGE. Депутаттың айтуынша, лицензиясыз жұмыс істейтін қаржы құрылымдары азаматтарға жоғары мөлшерлемемен қарыз беріп, кейін берешекті өндіріп алу кезінде қысым көрсету тәсілдерін қолданады.
Депутат «Alem Credit» платформасының микрокредиттік қызметке лицензиясы болмаса да, ондаған интернет-ресурс арқылы қарыз бергенін айтты. Платформа арқылы қарыз алушылардың биометриялық деректері жиналып, қаражат жеке тұлғалардың карталары арқылы аударылған.
«Заңды қаржы ұйымдары лицензия алуға, пайыздық мөлшерлемелер бойынша белгіленген шектеулерді, клиенттерді сәйкестендіру, жарнама жасау және берешекті өндіріп алу талаптарын сақтауға міндетті. Ал заңсыз құрылым бірнеше ай бойы өз қызметін ашық түрде жарнамалап, азаматтардың биометриялық деректерін жинап, дропперлер желісі арқылы ақша беріп келеді. Бұл енді кредит беруші мен қарыз алушы арасындағы жеке дау емес. Бұл жерде жаппай заңсыз қаржылық қызмет белгілері бар», – деді Юрий Ли.
Депутаттың сөзіне сүйенсек, қарыз алушыға 50 мың теңге мақұлданып, іс жүзінде 32 мың теңге берілген жағдайлар болған. Ал қайтаруға талап етілген сома 752 мың теңгеге жеткен.
Юрий Ли заңсыз кредит берушілердің интернеттегі жарнамасына, жаңа сайттардың пайда болуына және азаматтарға қарызды өндіріп алу кезінде қолданылатын әдістерге ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті.