«30 доллардан басталады»: мамандар киберқылмыс қызметінің бағасын анықтады

Kaspersky Digital Footprint Intelligence сарапшылары сайтты «құлату» бағасы 30 доллардан басталатынын мәлімдеді. Ал мұндай қызметтерге арналған айлық жазылым бағасы 30 мың долларға дейін жетеді.

Pixabay.com

Астана, NEGE. Мамандар даркнет пен дипвебтегі DDoS-белсенділікке қатысты 250 мыңнан астам жарияланымды талдап, хакерлік қызметтерді ұсынатын 150-ге жуық белсенділерді анықтаған. Зерттеу нәтижелері KazHackStan 2026 конференциясында таныстырылды.

DDoS-шабуылдың бағасы қанша?

Зерттеушілер көлеңкелі нарықтағы қызметтердің үш негізгі моделін анықтады. Олар – бір реттік шабуылға тапсырыс беру, DDoS-as-a-Service жазылымы және шабуылды өз инфрақұрылымы арқылы ұйымдастыру.

Белгілі бір сайтқа DDoS-шабуыл жасатудың бағасы 30-2000 доллар аралығында тұрады. Шабуыл бір күннен 30 күнге дейін созылуы мүмкін. Баға шабуылдың күшіне, ұзақтығына және кімнің сайтына жасалатынына байланысты.

Сондай-ақ, кейбір хакерлер қызметін алдын ала тексеріп көруге мүмкіндік береді. Мұндай сынақ шамамен 10 доллар тұрады. Кейбірі тестілік шабуылды тегін жасап береді.

Сонымен қатар 1 мыңнан 30 мың доллар аралығында ақша төлеп, ай сайынғы жазылымды сатып алуға болады. Жазылым арқылы клиент бір минуттан 48 сағатқа дейінгі шабуылды іске қоса алады.

Нарықта жаңа ойыншылар көбейген

Сарапшылардың бағалауынша, DDoS қызметін ұсынатын хакерлер көлеңкелі нарықта орта есеппен 2,5 жыл жұмыс істейді. Ал кейбір қатысушылар бұл салада шамамен 10 жылдан бері қызмет көрсетіп келеді. 

2023 жылдан бастап жаңа хакерлердің саны айтарлықтай өскен. 2026 жылдың алғашқы тоқсанында-ақ зерттеушілер 16 жаңа хакерді анықтады. Қазіргі үрдіс сақталса, жыл соңында жаңа хакерлер саны 2025 жылғы көрсеткіштен кемінде 25%-ға жоғары болуы мүмкін.

Kaspersky Digital Footprint Intelligence сарапшысы Ксения Кудашева DDoS қызметтерінің қолжетімді болуы компаниялар үшін киберқауіпсіздікке қатысты тәуекелді арттыратынын атап өтті.

«DDoS-шабуылдар қылмыскерлер үшін қолжетімді құралға айналды. Бұған мұндай қызметтердің арзан әрі оңай сатып алынуы себеп болып отыр», – деді сарапшы.

Оның айтуынша, компаниялар мұндай қауіптерге дайындықты киберқауіпсіздік стратегиясының негізгі бөлігі ретінде қарастыруы керек. Сонымен бірге мамандар бизнеске онлайн-сервистердің тұрақтылығын алдын ала бағалап, желідегі аномалияларды бақылауды және күмәнді сұраныстарды сүзуді ұсынады.