2 жарым миллион теңгенің азық-түлігі таратылды

Жаңа жылдың басында Жаңаөзенде басталған қымбатшылыққа қарсы наразылық митингі еліміздің басқа өңірлерінде де жалғасын тапты.

Алматы, NEGE. Бейбіт шерудің соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Көз алдымызда Алматы көк түтінге оранып, қаншама ғимараттар өртенді, ірі сауда үйлері тоналды. Тіпті, бейберекетсіздік кезінде жазықсыз көз жұмғандар да жетерлік.  

Қиналған сәтте қолдау білдіргендер де көп болды. Алматы қаласы, Алатау ауданы, Байбесік ықшамауданының бір топ кәсіпкерлері «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» халқына материалдық және моральдық тұрғыда көмек қолын созды. Алатау ауданы, Nur Otan партиясының бақылау комиссиясының мүшесі Даут Нариман: «Жау жағадан алып, тәуелсіздігімізге қауіп төнген кезде жанын шүберекке түйіп, оққа кеудесін төсеген жауынгер азаматтардың ерлігін ұмытпаймыз. Осы жағдайдан кейін «Еліме, жұртыма қалай көмек қылсам, менің қолымнан не келеді?» деп Байбесік ықшам ауданында бірге кәсіппен айналысып жүрген алтын жүрек азаматтарға хабарласып «бұлай жатқанымыз жарамас» деп бірауыз айтқаным сол екен, шетінен қуана-қуана келісіп, әркім шамасына қарай қаржы жинап берді. Жиналған 2 жарым миллионға жуық қаражатқа азық-түлік салынған 120 қорап дайындадық. Әр қораптың құны  – 12 500 теңге, оған; 4 келі күріш, 2 келі ұн, 2 келі қант, 2 л май, 4 келі макарон, 1 келі қарақұмық, 1 қорап арпа, 500 г шай, 30 жұмыртқа, 500 г қызанақ пастасы, тұз, 1 келі кәмпит, 500 г пішінәй мен 1 л сүт салынды», – деді.  

Сондай-ақ, олар аудандағы әскери бөлімдегі жарақаттанған 15-іне   ақшалай көмек көрсетіп, алғыс білдірмек. Жіәне қаланың тазалығын орнына келтіріп жатқан жандарға да ілтипат білдіріп, 5 000 теңгеден беру жоспарланып отыр.

Нұрлан Айбекұлы, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, журналистика факультетінің студенті