29 мамырда Алматыда қалдықтарды кәдеге жарату зауытының құрылысы басталады
Қазақстан мен Қытай тарабы бірлесіп іске асыратын жобаның жалпы көлемі 145,5 млрд теңге деп бағаланып отыр.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде премьер-министр Олжас Бектеновтің қытайлық жетекші компаниялардың бірі – Hunan Junxin Environmental Protection Co., Ltd компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Дай Даогомен кездесуі барысында айтылды. Компания қалдықтарды энергияға айналдыру саласында ҚХР мен Орталық Азиядағы ірі жобаларды іске асырған.
Кездесуде премьер-министр Олжас Бектенов іске асырылып жатқан жобаның маңызын атап өтіп, еліміздің жаңа Конституциясында бекітілген басымдықтардың бірі – қоршаған ортаны қорғау екенін айтты.
«Hunan компаниясының Қазақстан нарығына келуін құптаймыз және бірлескен жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Біздің былтырғы кездесуіміз барысында еліміз үшін осы маңызды жобаға жақсы серпін берілген болатын», – деді Олжас Бектенов.
Компания өкілі Дай Даогоның мәлімдеуінше, 29 мамырда құрылысы басталатын нысан екі жыл ішінде пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Жобада қалдықтарды электр энергиясына айналдыра отырып қайта өңдеу қарастырылған.
«Зауыттың іске қосылуы жылына шамамен 200 мың тонна CO₂ шығарындыларын азайтуға, полигон көлемін жыл сайын шамамен 800 мың текше метр үнемдеуге және "жасыл" энергияны тұрақты өндіруге ықпал етеді. Кәсіпорын тәулігіне 2 мың тоннаға дейін қалдықты өңдеп, 60 МВт-қа дейін электр энергиясын өндіре алады», – делінген Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Құрылыс кезеңінде кемінде 700 уақытша жұмыс орны құрылады, ал зауыт іске қосылғаннан кейін 120 тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.
Жоба аясында үш «жасыл» орталық құрылады. Бұл орталықтар электрмен жабдықтауды, цифрлық шешімдерге арналған энергияны пайдалануды және қыста өнеркәсіптік тұтынушылар мен қалалық қажеттіліктерді таза жылумен қамтамасыз етеді.