29 алаяқтық дерегіне қатысы бар деген күдікпен 24 жастағы алматылық қыз ұсталды
Трейдинг арқылы мол табыс табуға уәде берген 24 жастағы алматылық қыз алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталды. Полиция оның осындай 29 алаяқтық дерегіне қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.
Астана, NEGE. ІІМ мәліметінше, полицияға Тараздың 28 жастағы тұрғыны арызданған. Ол трейдингке инвестиция салу арқылы пайда табуға болады деген ұсынысқа сеніп, банктен несие рәсімдеп, ақшаны өзін инвестормын деп таныстырған азаматқа аударған.
Алайда уәде етілген пайда түспеген. Керісінше, тұрғын салған ақшасын қайтаруда қиындыққа тап болған. Жәбірленушіге келтірілген материалдық шығын 1,9 миллион теңге деп бағаланған.
Бұл дерек бойынша полиция қызметі Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігінің 4-тармағымен («Алаяқтық») сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Күдікті Ақтөбе қаласында алаяқтықтың 29 дерегі бойынша жүргізілген тергеу барысында ұсталған. Қазір оның өзге де қылмыстық эпизодтарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Полиция ел тұрғындарын оңай табысқа кенелуге уәде беретін ұсыныстарға сенбеуге, бейтаныс адамдарға ақша аудармауға және күмәнді инвестициялық жобаларға қатысу үшін несие алмауға шақырды.