2,6 млрд теңге субсидия заңсыз алынған: экс-депутаттың ісі сотқа жолданды

Алматы облысында агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға бөлінген бюджет қаражатын аса ірі көлемде жымқыру бойынша қылмыстық істі тергеу аяқталды.

ҚМА

Астана, NEGE. Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, мемлекетке 2,6 млрд теңгеден астам шығын келген.

Тергеу болжамы бойынша, қылмыстық схеманы Алматы облысы Қарасай аудандық мәслихатының бұрынғы депутаты ұйымдастырған. Агенттік экс-депутаттың есімін ресми жариялаған жоқ, алайда кейбір БАҚ-тағы мәлімет бойынша, сөз Бекет Әбішев жайында болып отыр.

Бюджет қаражатын заңсыз алу схемасын іске асыру үшін ұйымдастырушы өзіне бағынысты кәсіпорындар мен Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында тіркелген 29 шаруа қожалығын пайдаланған. Уәкілетті органдарға өнеркәсіптік таңқурай алқаптарын отырғызуға арналған элиталық таңқурай көшеттерін сатып алу туралы жалған құжаттар ұсынылған.

ҚМА мәліметінше, сатып алу-сату шарттары, қабылдау-тапсыру актілері, электрондық шот-фактуралар және отырғызу материалын өндірушілерді аттестаттау жөніндегі құжаттар жалған рәсімделген. Алайда көшеттер көрсетілген көлемде жеткізілмеген. Ал кейбір шаруашылықтардың өнеркәсіптік көлемде таңқурай өсіруге мүмкіндігі де болмаған.

Нәтижесінде бюджеттен 2,6 млрд теңгеден астам субсидия заңсыз алынған.

«Заңсыз алынған субсидияның 491 млн теңгесі қор нарығында операциялар жүргізуге жұмсалған. Осы мақсатта күдіктінің жұбайының атына брокерлік шот ашылып, ол арқылы қазақстандық және шетелдік компаниялардың бағалы қағаздары сатып алынған», – делінген ресми ақпаратта.

Бұдан бөлек, ҚМА келтірген дерек бойынша, тағы 400 млн теңге уақытша қаржылай көмек көрсету сылтауымен iSolutions Capital микроқаржы ұйымына аударылған. Кейін күдікті бұл қаражатты кезең-кезеңімен қолма-қол ақшаға айналдырған.

«Сондай-ақ күдікті ұрланған қаражаттың 170 млн теңгесін Қонаев қаласындағы казинода құмар ойындарға жұмсаған» – деп хабарлады ҚМА өкілдері.

Үш күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Сот санкциясымен күдіктілердің 4 пәтеріне, 3 автокөлігіне, жеке тұрғын үйіне және бағалы қағаздарына тыйым салынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.