25 тамыздан бастап электросамокатпен тротуарда жүруге тыйым салынады
25 тамыздан бастап электросамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруіне тыйым салынады. Астана қаласының әкімдігі елорда тұрғындарына электросамокат пайдалануға қатысты жаңа талаптарды түсіндірді.
Астана, NEGE. Әкімдік мәліметінше, электросамокат жүргізушілері велосипед жолдары мен веложолақтармен жүруге тиіс. Олар болмаған жағдайда Жол қозғалысы ережелерінде көзделген тәртіппен жүріс бөлігінің оң жақ шетімен немесе жол жиегімен қозғалуға болады.
Жүріс бөлігіне шығатын электросамокат жүргізушісі 18 жасқа толған болуы, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы және қорғаныс шлемін тағуы қажет. Қараңғы уақытта жарық шағылыстыратын элементтерді пайдалану міндетті.
«Электросамокаттар әлдеқашан жол қозғалысының толыққанды қатысушыларына айналды. Алайда пайдаланушылардың белгіленген талаптарды сақтамауы жеке мобильділік құралдарын жүргізушілердің өздеріне де, жол қозғалысының басқа қатысушыларына да қауіп төндіреді», – деді Астана Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Нұрлан Уваев.
Полиция жаңа талаптар жол қозғалысы қауіпсіздігін арттырып, жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға бағытталғанын атап өтті.
Сондай-ақ бір электросамокатпен екі адамның жүруіне болмайды. Самокатты тротуардың ортасына, жүріс бөлігіне, веложолға немесе автокөлікке арналған тұрақ орнына қалдыруға тыйым салынады.
Бұған дейін ІІМ 1 шілдеден бастап Қазақстанда жалға берілетін электросамокаттарға қатысты бірқатар жаңа талап күшіне енгенін хабарлаған еді. Атап айтқанда, әрбір жалға берілетін самокатқа тіркеу нөмірі беріледі. Бұл жол қозғалысы ережесін бұзған самокаттарды камералар арқылы анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ самокат пайдаланушылары үшін сақтандыру полисі міндеттелді.
Кикшеринг компаниялары самокаттардың техникалық жағдайын қамтамасыз етуге, жылдамдығы мен орналасқан жерін бақылауға, белгіленген аумақтарда жылдамдықты автоматты түрде шектеуге және олардың ретсіз қалдырылуына жол бермеуге міндетті.