22 шілдеде Қазақстанда телеарналар мен радиостанциялар жұмысы уақытша тоқтайды

Телерадио хабарларын таратудың ұлттық операторы – «Қазтелерадио» 22 шілде күні жоспарлы профилактикалық жұмыстар жүргізілетінін хабарлады

pixabay.com

Астана, NEGE. Осыған байланысты сәрсенбі күні Астана уақытымен сағат 03:00-ден 17:00-ге дейін еліміз бойынша телеарналар мен радиостанциялардың жұмысы уақытша тоқтатылады. Профилактикалық жұмыстар ұлттық жерсеріктік, эфирлік цифрлық және аналогтық телерадио хабарларын тарату желілеріндегі телеарналар мен радиостанцияларды қамтиды.

«Бұл жұмыстарды жүргізу болашақта тұрақты әрі сапалы хабар таратуды қамтамасыз ету үшін қажет», – делінген хабарламада.

«Қазтелерадио» өкілдері ел тұрғындарынан уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұрады.