2028 жылға қарай мектеп пен ЖОО түлектерінің 80%-ы ЖИ бойынша базалық дағдыларды меңгереді

2028 жылға қарай Қазақстандағы мектеп, колледж және жоғары оқу орны түлектерінің кемінде 80 пайызы жасанды интеллектіні қолданудың негізгі дағдыларын меңгереді. Бұл туралы 26 тамызда Alem.ai Халықаралық жасанды интеллект орталығында өткен Digital Qazaqstan стратегиясының таныстырылымында айтылды.

NEGE

Астана, NEGE. 2029 жылға дейінгі жалпыұлттық стратегияға сәйкес, жоғары оқу орны түлектерінің кемінде 20 пайызы жасанды интеллект және осы саладағы кәсіпкерлік бойынша арнайы даярлықтан өтеді.

Педагогтердің цифрлық дағдыларын дамыту үшін үш сатылы үлгі енгізіледі. 2029 жылға қарай мұғалімдердің кемінде 80 пайызы цифрлық сауаттылықтың негізгі деңгейін, 25 пайызы жоғары деңгейін меңгеруі тиіс. Сарапшы деңгейіне жеткендердің үлесін 5 пайызға жеткізу жоспарланған.

Жиында жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бақтияр Мұхаметқалиев жоғары оқу орындарындағы үдерістер де жасанды интеллект көмегімен автоматтандырылатынын айтты.

«Білім беру үдерісіне жасанды интеллект енгізіледі. Университеттердің 80 пайызы оны өз жұмысында қолдануы тиіс. Бұл талапкерлерді қабылдау, құжат тапсыру және басқа да рәсімдерді автоматтандыруды көздейді. Олардың бәрі цифрлық түрде жүргізілуі керек», – деді Бақтияр Мұхаметқалиев.

Оның айтуынша, Digital Qazaqstan стратегиясы жасанды интеллектіні білім беру мазмұнына енгізумен ғана шектелмейді. Университеттердің ішкі әкімшілік жұмыстары да цифрлық жүйеге көшіріледі.

Digital Qazaqstan – елдің цифрлық дамуына және жасанды интеллект технологияларын кеңінен қолдануға арналған ұзақ мерзімді мемлекеттік стратегия. Оның мақсаты – технологияларды жекелеген салаларға енгізіп қана қоймай, экономика, мемлекеттік басқару және азаматтарға қызмет көрсету жүйесін жаңарту.

Құжатта цифрлық дамудың бірнеше негізгі бағыты белгіленген. Соның бірі – мемлекеттік қызметтерді азаматтардың қажеттілігіне бейімдеу. Құжат жинап, мемлекеттік органға жеке жүгінетін жүйенің орнына қажетті қызметті азаматтың өтінішін күтпей ұсынатын цифрлық сервистерді дамыту көзделген.

Экономикада өндіріс пен басқаруды цифрландыруға басымдық беріледі. Агроөнеркәсіп, құрылыс, қаржы, мұнай-газ және шағын бизнес салаларында деректерді тиімді пайдалану, цифрлық платформалар мен жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді енгізу жоспарланған. Бұл еңбек өнімділігін арттырып, шығынды азайтуға және отандық компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталған.

Мемлекеттік басқару жүйесінде де өзгерістер болады. Ведомстволардың бөлек жұмыс істейтін ақпараттық жүйелерін өзара байланыстыру, қайталанатын міндеттерді азайту және күнделікті әкімшілік жұмыстарды автоматтандыру көзделіп отыр. Шешім қабылдау кезінде деректерді талдау технологиялары кеңінен қолданылады.

Бюджет қаражатын басқаруға да цифрлық бақылау тетіктері енгізіледі. Соның арқасында мемлекеттік қаржының қайда және қандай мақсатқа жұмсалғанын бақылауды ашық жүргізу жоспарланған.

Қазақстан Республикасы Президентінің «Digital Qazaqstan жалпыұлттық ауқымды цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізу стратегиясын 2029 жылға дейін бекіту туралы» Жарлығын іске асыру үшін Үкімет іс-қимыл жоспарын бекітті. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.