2026 жылы Астанада жүргізушісіз такси жобасы іске қосылады
Астана қаласы 2026 жылы inDrive компаниясы ұсынған жүргізушісіз такси жобасы іске қосылатын Қазақстандағы алғашқы қалалардың қатарына енеді, деп хабарлады Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі.
Астана, NEGE. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Көлік министрлігі, Астана қаласының әкімдігі және inDrive компаниясы пилоттық жобаны іске қосу туралы меморандумға қол қойды.
«Жүргізушісіз такси бойынша пилоттық жобаны іске қосу – ақылды әрі қауіпсіз қалалық мобильділікті дамытудағы маңызды қадам. Автономды көлікті енгізу кезең-кезеңмен, азаматтардың қауіпсіздігін басымдыққа ала отырып іске асырылады. Сондай-ақ инфрақұрылымның дайын болуын қамтамасыз ету біз үшін маңызды. Астана – жаңа технология енгізілер алдында нақты сынақтан өткізілетін алаңға айналуда. Мұндай тәсіл инновацияларды қолдауға және қоғамның жаңа цифрлық шешімдерге деген сенімін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді премьер-министрінің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Пилоттық жобаның бағыты ретінде Астана халықаралық әуежайынан Abu Dhabi Plaza сауда орталығына дейінгі аралық белгіленген.
«Осылайша Астана көшелеріне әлемнің ірі қалаларында пайдаланылып жүрген, сенімділігі мен қауіпсіздігі дәлелденген, өздігінен басқарылатын автокөліктер пайда болады. Қозғалыс жол жағдайларына тәуекелдерді бағалау жүргізілген соң ғана, оператор мен өндірушінің бақылауымен іске асырылады», – делінген ресми хабарламада.
Министрлік мәліметінше, жүргізушісіз такси қызметін іске қосқан елдер мен қалаларда жол қозғалысындағы қауіпсіздік деңгейі айтарлықтай артқан. Өндірушілердің мәліметінше, мұндай өңірлерде жол-көлік оқиғаларының саны 90 пайызға дейін азайған. Бұл ғана емес, өздігінен жүретін көлікті енгізу райд-хейлинг нарығындағы өзгерістерге алып келеді.