Baby Boom болуы мүмкін: Нумеролог 2026 жылға болжам жасады
2026 жылға санаулы уақыт қалғанда қоғамда алдағы кезеңге қатысты түрлі болжамдар айтыла бастады. Осыған байланысты Nege.kz нумеролог Лаура Молдабергенмен сұхбаттасып, келер жылы кімдердің жолы болатынын, ал кімдерге сақтық таныту керегін анықтады.
– Лаура ханым, соңғы кезде көптеген нумеролог пен таролог 2026 жылды тағдырлы, шешуші кезең деп атап жүр. Нумерология тұрғысынан бұл жылдың ерекшелігі неде?
– Нумерологияда әр жылдың өзіне тән энергиясы болады. 2026 жыл «бір» санының ықпалында болады. Бұл жаңа тоғыз жылдық циклдің басталуын білдіреді. Мұндай кезеңдер сирек кездеседі және маңызы да ерекше. Себебі дәл осы жылы басталған іс, қабылданған шешім мен жасалған таңдау алдағы тоғыз жылға бағыт береді. Бұл жылы не ексеңіз, соның жемісін ұзақ уақыт бойы көресіз.
Бұл кезеңде сынақ пен мүмкіндік қатар жүреді. Жаңалыққа дайын, жағдайға тез икемделетін адамдар үшін 2026 жыл үлкен серпіліс әкелуі мүмкін. Ал өткенге байланып қалған, ескі тәсілмен өмір сүруге тырысатын жандарға қиын соғуы ықтимал. Бұл жыл әр адамнан жауапкершілік талап етеді. Әркім өз өмірінің тізгінін өзі ұстауы керек.
– 2026 жыл қай күндері туған адамдар үшін сәтті болмақ?
– Адамның туған күні оның негізгі энергетикалық коды саналады. Осыған сүйенсек, 3, 12, 21, 30 күндері туғандар үшін 2026 жыл өте қолайлы болады. Өмірі тұрақталып, баспана мәселесі шешіліп, қызметте өсуі мүмкін.
Сондай-ақ 2, 11, 20, 29 күндері туғандар үшін де жыл сәтті өтеді.
Ал 5 және 14 күндері туғандардың жеке өмірінде оң өзгерістер болады. Отбасы құруы немесе қарым-қатынастың нығаюы ықтимал.
Бұған қоса 7, 9, 16, 18, 25, 27 күндері туғандар үшін де мүмкіндікке толы кезең басталады.
– Ал қай күндері туған жандарға сақ болған жөн?
– 1, 10, 19, 28 күндері туғандарға абай болған дұрыс. Әсіресе басқа адамдармен араласқанда икемділік пен сабыр танытқан абзал.
6, 15, 24 күндері туғандар үшін 2026 жыл белгілі бір деңгейде дағдарысты кезең болуы ықтимал. Түрлі салада қиындықтар туындап, өмірге басқа қырынан қарауға мәжбүр етеді. Алайда бұл тоқырау емес, керісінше өсуге мүмкіндік беретін уақыт.
8, 17, 26 күндері дүниеге келгендер үшін 2026 жыл аяқтау мен қоштасу кезеңі болмақ. Бұл жұмысқа, қарым-қатынасқа немесе өмір салтына қатысты болуы мүмкін. Маңызын жоғалтқан нәрселерден бас тартып, жаңа кезеңге қадам басқан жөн.
– Ал махаббатта, жұмыста және табыс жағынан кімдердің жолы болады?
– 2, 5, 7, 11, 14, 20, 25, 29 күндері туған адамдар үшін сезімге толы кезең басталады. Отбасын құруға қолайлы жағдай туады. Әсіресе жалғыз жүргендер сүйіктілерін кездестіруі мүмкін.
Мансапта 3, 4, 9, 12, 18, 21, 27, 30 күндері туғандар алға шығады. Жаңа жобалар бастауға, қызмет ауыстыруға, кәсіби өсуге мүмкіндік бар.
Ал 1, 10, 19, 22, 28 күндері туғандардың қаржылық жағдайы жақсарып, табысы артуы мүмкін. Себебі 2026 жылы олар үшін ақша энергиясы ашылады.
– Әлеуметтік желіде келер жылы отбасын құратындар көбейеді деген пікір жиі айтылады. Бұған не дейсіз?
– 2025 жылы адамдар арасындағы қарым-қатынаста дағдарыс көп болды. Ажырасу саны артты. Ал 2026 жылы жағдай өзгереді. Бұл жылды махаббат жылы деуге болады. Отбасы құруға, қайта табысуға, жаңа қарым-қатынас бастауға қолайлы кезең туады. Үйлену саны артып, бала туу көрсеткіші де өсуі мүмкін. Baby boom болуы әбден ықтимал. Қоғамда тұрақтылық пен жауапкершілікке деген сұраныс күшейеді.
– Қазіргі әлемдегі экономикалық тұрақсыздықты ескерсек, 2026 жыл жаңа бастамаларға қолайлы ма?
– Иә, бұл жаңа істерді бастауға өте қолайлы жыл. Кәсіп ашу, жұмыс ауыстыру, қоныс аудару, жаңа мамандық меңгеру, жеке жобаларды іске қосу үшін жақсы кезең. «Бір» саны – бастаманың, көшбасшылықтың және батыл қадамның белгісі. Сондықтан бұл жылы басталған іс ұзақ мерзімді нәтиже беруге бағытталады.