200 мың доллар және миллиондаған рубль: шекарада қолма-қол ақшаны заңсыз өткізбек болғандар ұсталды

16-25 қараша аралығында Қазақстан шекарашылары шетелге декларацияланбаған қолма-қол ақша алып өтудің 59 әрекетін тоқтатты. Заңсыз әкетпек болған валютаның жалпы сомасы 508 млн теңгеден асқан.

ҰҚК шекара қызметі

Астана, NEGE. ҰҚК Шекара қызметінің мәліметінше, 18 қарашада Ақтөбе облысындағы шекара бекетінде Қазақстан азаматының жүгінен 4 млн 441,5 мың рубль (шамамен 23 млн теңге) табылған.

Ал 23 қарашада «Қордай» өткізу пунктінде шетелдік азамат 200 мың АҚШ долларын (шамамен 91 млн теңге) жасырын алып өтпек болған.

Бұл фактілер бойынша материалдар құзыретті органдарға жолданды.

Шекара қызметі Қазақстан заңнамасына сәйкес, ел аумағынан 10 мың АҚШ долларынан асатын қолма-қол шетел валютасын әкетуге тыйым салынғанын еске салды.