2 наурызда зейнетақы есебінен ипотеканы өтеуге өтінім қабылдау қайта басталады
Отбасы банк 2 наурыздан бастап тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалануға өтінімдерді қайта қабылдай бастайды.
Астана, NEGE. Қаңтардың аяғында өтінім қабылдау уақытша тоқтатылған еді. Бұған мобильді қосымша және otbasybank.kz сайтындағы жеке кабинетті жаңа талаптарға бейімдеу қажеттігі себеп болған. Өйткені, банк өкілдерінің түсіндіруінше, Тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларында «берешек» ұғымы «негізгі қарыз» ұғымымен алмастырылған.
«Бұл дегеніміз, енді зейнетақы жинақтарының артығын пайдалана отырып, несие бойынша ішінара немесе толық мерзімінен бұрын өтеу кезінде тек негізгі қарызды ғана өтеуге болады. Біржолғы зейнетақы төлемі есебінен ай сайынғы төлемді толық жабу мүмкін болмайды.
Несие бойынша сыйақы (пайыздар) және ай сайынғы төлем құрамына кіретін басқа да ілеспе төлемдерді қарыз алушы өз қаражаты есебінен төлеуі тиіс».
Жаңа талаптардың енгізілуіне байланысты Отбасы банктегі қарыздарды ішінара немесе толық өтеу процесін қайта бейімдеу үшін өтініш қабылдау уақытша тоқтатылған.
Енді бұл операция екі кезеңнен тұрады: алдымен несие бойынша сыйақы және басқа да ілеспе төлемдер қарыз алушының өз қаражаты есебінен төленеді; содан кейін негізгі қарыз зейнетақы жинақтары есебінен өтеледі.