1 шілдеден іске кіріскен әлеуметтік инспекторлардың жұмысы қалай?
Әлеуметтік инспекторлардың қызметіне не кіреді?
Алматы, NEGE. 1 шілдеде қызметін бастаған мемлекеттік әлеуметтік инспекторлар халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтарын қорғау мақсатында 50-ден астам тексеру жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР Әлеуметтік кодексінің күшіне енуімен осы жылдың 1 шілдесінде елімізде құзыретіне мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнаманың сақталуын бақылауды жүзеге асыру кіретін мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторлары институты енгізілді. Бір ай ішінде әлеуметтік инспекторлар 53 тексеру жүргізді, оның 40-ы жоспардан тыс және 13-і профилактикалық бақылау шеңберінде болды.
Мемлекеттік бақылаумен: 12 мектеп, жергілікті атқарушы органдардың 6 аудандық бөлімі және жергілікті атқарушы органдардың облыстық басқармалары, 6 әкімдік, 5 дүкен, 3 сауда орталығы, 3 медициналық-әлеуметтік мекеме, 2 аурухана, 2 банк бөлімшесі, 2 Қазпошта бөлімшесі, 1 фитнес-клуб, 1 санаторий, 1 университет және т. б. қамтылды.
Мәселен, Қызылорда облысы бойынша Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің департаменті Шиелі аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің қызметіне профилактикалық бақылау жүргізді, оның нәтижелері бойынша мүгедектігі бар 7 баланы протездік-ортопедиялық көмекпен уақтылы қамтамасыз етпеу фактілері анықталды.
Аталған фактілер бойынша бөлім басшысына анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Профилактикалық бақылау шараларының нәтижесінде мүгедектігі бар 7 баланың құқығы қорғалды.