18 жастағы Сәтпаевты «Бернли» бапкері бүкіл командаға үлгі етті
«Бернлидің» бас бапкері Ники Хайен Чемпионшиптегі «Норвичке» қарсы матчтан кейін 18 жастағы қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаевтың ойынына жоғары баға берді. «Бернли» бұл кездесуде 1:4 есебімен жеңілді.
Астана, NEGE. Ники Хайен Дастан Сәтпаевты командадағы өзге футболшыларға үлгі етті.
«Бүгін Дастанды да көрдіңіздер. 18 жастағы жігіт алаңдағы біздің ең үздік ойыншымыз болды», – деді Хайен.
Бас бапкердің айтуынша, Сәтпаев алаңда белсенділігімен және соңына дейін күресуімен ерекшеленген. Хайен қазақстандық футболшыны өзге ойыншыларға үлгі етіп, мұндай жеңілістен кейін команданың кейбір мүшелері өз ойынына сын көзбен қарауы керек екенін айтты.
Бұл Сәтпаевтың Чемпионшипте «Бернлидің» негізгі құрамында алғаш рет алаңға шығуы еді. Қазақстандық шабуылшы матчты толық өткізді.
Flashscore Сәтпаевтың ойынына 7,6 балл қойды. Бұл – «Бернли» сапындағы ең жоғары бағалардың бірі.
«Бернли» Чемпионшиптің алғашқы үш турында сәтсіз өнер көрсетті. Хайен маусымның мұндай басталуын күтпегенін айтып, жағдайды өзгертуге уәде берді.
Айта кетейік, Дастан Сәтпаевтың «Челсимен» жеті жылға келісімшарты бар, ал 2026/27 маусымын ол «Бернлиде» жалға өткізіп жатыр.