1,6 млрд теңгелік тендерді құжатсыз өткізбек болған шенеунік сөгіспен құтылды

Ақмола облысының Астрахан ауданында прокуратура 1,6 млрд теңге бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуын тоқтатты.

Depositphotos

Астана, NEGE. Прокуратураның мәліметінше, автомобиль жолдарын жөндеуге арналған мемлекеттік сатып алуды жоспарлау кезінде заңбұзушылықтар анықталған.

Атап айтқанда, қомақты сомаға жұмыстарды сатып алу жобалық-сметалық құжаттамасыз, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысынсыз және болжамды құнының экономикалық негіздемесінсіз жоспарланған.

Прокурорлық қадағалау актілері негізінде 1,6 млрд теңгенің мемлекеттік сатып алу рәсімі тоқтатылды. Осылайша, бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына жол берілген жоқ.

Заңбұзушылыққа жол бергені үшін аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.