15 жылда қант диабетімен ауыратындар 3,5 есе өсті
Қазақстанда соңғы 15 жылда қант диабетімен ауыратын науқастар саны 3,5 есе өсті.
Алматы, NEGE. Ташкентте өткен «Диабет: мониторингтен басқаруға» атты Орталық Азия диабетологиялық форумына қатысқан ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният осылай мәлімдеді. Вице-министр 2015 жылдан бастап жыл сайын өтетін бұл форум Қазақстан мен Өзбекстанның денсаулық сақтау жүйесі басшылары мен жетекші мамандары қатысатын саладағы маңызды оқиғалардың қатарына кіргенін атап өтті.
«Бұл жерде саланы дамытудың басым бағыттарын талқылау, қант диабетінің алдын алу және емдеу саласындағы озық тәжірибелермен және соңғы жетістіктермен алмасу өтеді. Жаңа қауіпті вирус әдеттегі өмір салтын өзгертті, көптеген стратегияларға, жоспарларға, жобаларға өзгерістер енгізуге мәжбүр етті», - деді Ажар Ғиният. Сонымен қатар, ол Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі үшін инфекциялық емес аурулардың, оның ішінде қант диабетінің алдын алу және оларға қарсы күрес сөзсіз басымдық екенін атап өтті. «15 жыл ішінде Қазақстанда қант диабетімен ауыратын науқастар саны 3,5 есе өсті. 2021 жылдың басында диспансерлік есепте 382 мың адам тұр, оның ішінде: 30 мыңы - 1 типті қант диабеті бар пациенттер, 352 мыңы - 2 типті қант диабеті бар пациенттер. Қант диабетімен ауыратындар санының өсуі ерте анықтау мен диагностиканың жақсарғанын көрсетеді», - деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау министрлігі басшысының орынбасары.
Оның айтуынша, ересек тұрғындар арасында скрининг процедурасымен (60 млн тексеру) 2,5 млн-нан астам ауру, оның ішінде 62 мыңға жуық қант диабеті анықталған. Ажар Ғиният форумға қатысушылардың назарын COVID-19 пандемиясынан туындаған ҚР эндокринологиялық қызметінің жұмысындағы өзгерістерге аударды. «Қазақстандық зерттеушілердің мәліметі бойынша, КВИ-мен ауыратын науқастардың өлімінің бір бөлігі декомпенсацияланған қант диабетімен бірге жүрді. Пандемия басталғалы бері бір топ зерттеуші клиникалық хаттаманың 13 нұсқасын жасады, олардың 4-уінде диабетпен ауыратын науқастарды емдеу тактикасы сипатталған», - деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі. Ол қант диабетімен күрес аясында «Қазақстан диабетін зерттеу қоғамы» қоғамдық қорымен бірлесіп, «ҚР-дағы қант диабетінің ауыртпалығы» атты 2 жылдық жоба іске асырылып, аяқталғанын айтты.