15 жастағы қазақ баласы «Барселона» клубымен келісімшартқа отырды
15 жастағы қазақстандық футболшы Кәрім Меңдіханов әйгілі «Барселона» клубымен келісімшартқа отырды.
Астана, NEGE. Ол клубқа келесі маусымда қосылады, деп жазды Mundo Deportivo басылымы.
«Испаниядағы жасөспірімдер футболы әлемнің түкпір-түкпірінен талантты ойыншыларды жинауды жалғастырып келеді. Солардың ішінде назар аудара бастаған есімдердің бірі – 2011 жылы туған қазақстандық жас футболшы Кәрім Меңдіханов. Ол қазірдің өзінде "Барселона" футбол клубымен келісімшартқа қол қойып үлгерді. Келесі маусымда клуб құрамына ресми түрде қосылады», – делінген мақалада.
Жас футболшы Испанияға 2022 жылы барған. Өткен маусымда «Серданьола» сапында ойнаса, биыл «Сант-Кугат» клубында өнер көрсетіп жүр.
Оның ойыны назардан тыс қалмай, Испанияның жоғарғы лигасындағы бірнеше клубтың қызығушылығын тудырған. Кәрім «Барселонаның» ұсынысын қабылдауды жөн көріпті.
Бұған қоса, ол «Сант-Кугат» клубының рұқсатымен «Барселона» командасымен бірнеше жаттығуға да қатысып, жаңа ортаға тез бейімделуге кірісіп кеткен.
«Кәрім Меңдіханов 15 жасында өз тарихын жаза бастады. Қазірдің өзінде ол көптің назарын аударып үлгерді әрі ол халықаралық жасөспірімдер футболындағы ең болашағы зор ойыншылардың біріне айналуы мүмкін. Ол – әлі толық ашылмаған нағыз гауһар, таланты күн сайын шыңдалып келе жатқан жас ойыншы», – деп жазды испан басылымы.
Осылайша, Кәрім Меңдіханов «Барселона» тарихындағы алғашқы қазақ футболшысы атанбақ.