«1424» «зор» фильм бе?
Бүгін Түркістанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті қысқа метражды «1424» фильмін көрсетті. Түркістан облыстық әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, тұсаукесерге облыс әкімі Өмірзақ Шүкеев қатысқан.
«Кинолентаның негізгі мақсаты – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, жемқорлықпен күресте халықтың белсенділігін арттыру, экономикадағы және қоғамдағы зиянды салдарын болдырмау» делінген хабарламада.
Айтпақшы, фильм түсіру туралы идея авторы – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысы Хакім Көшқалиев. Басты рөлдерді облыстық департамент қызметкерлері мен Арыстағы Т.Тәжібаев атындағы отбасылық типтегі балалар ауылының тәрбиеленушілері ойнаған. Актерлер туралы сәл кейінірек баяндармыз. Алдымен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шүкеевтің «рецензиясы» жайында.
Облыс әкімі бүй деді: «Жемқорлық – әлемнің кез келген елінде кездесетін дерт. Онымен мектеп қабырғасынан бастап күресу керек. Қолындағы билікті арам мақсатына пайдаланатындармен елімізде белсенді күрес жүріп жатыр. Мемлекеттік қызметкерлердің жағдайын жақсарту керек. Елбасы мен Мемлекет басшысының Халыққа жолдауының талабы осы. Біздің мақсатымыз – жемқорлықтан ада аймақ құру».
Фильм аяқталғанда жұрт жапырлай қол соғыпты һәм жоғары бағалапты. Облыс әкімі түсіру тобына алғыс хат беріп, шығармашылық табыс тілепті. Енді бұл фильмді баяғы Совет үкіметі кезіндегідей Түркістан облысының барлық қалалары мен аудан орталықтарында аралап жүріп көрсетпек.
Қош, енді өз рецензиямыз һақында. Біріншіден, фильм осыдан бір ай бұрын – 26 қараша күні әлеуметтік желідегі Ютуб каналына жарияланған. Атауы бірден назар аудартады: «1424».
2009 жылы режисер Роланд Эммерих «2012» деген фильм түсірген. Қысқаша сюжеті мынадай: жер ядросының қызуы күрт көтеріліп, соның салдарынан жер бетін бұрын-соңды болмаған алапат апат жайлайды. G8 саммитіне жиналған президенттер құпия келісім жасап, адамзат тұқымын құтқаруға кіріседі. Сөйтеді де, Қытайдың Тибет тауларында болса керек, жарғанат құсатып жарға іліп, алып кемелер сала бастайды. Жобаны қаржыландыру үшін байларға 1 млрд доллардан билет сатады. Қысқасы, 4 кеме салып үлгеріп, 400 мың адамды құтқарып қалады...
Ашығын айтайық, «1424» деген сан жемқорлықпен күрес қызметінің байланыс нөмірі болса да, фильмнің атауын көргенде есімізге Эммерихтің «2012» фильмі түсті. Бәлкім, идея авторы Көшқалиевтің ойы да сондай болған шығар, ол жағын автордың өзі айтсын. Бейнелеп айтқанда Көшқалиевті Эммерих десек, 400 мың адамды құтқаратын геолог Эдриан Хелмсли (басты рөлде – ред.) кім?
Биылғы есеп бойынша, Түркістан облысында 1 млн 981 700 адам тұрады. Енді осы екі миллионға жуық халықтан шенеуніктерді бөліп алып, оларды жемқорлықтан құтқару – Шүкеевтің шаруасы. «Жемқорлықтан ада аймақ құрамыз» дегенін құтқару деп түсіндік. Ендеше, «басты рөлде» облыс әкімі болуы тиіс еді...
Жалпы алғанда, фильмнің идеясы дұрыс. Жемқорлық – жау. Оған дау жоқ. Бірақ оны дұрыс жеткізу бар. Фильмде кәсіби актерлер ойнамағандықтан, шеберлігіне баға қоя алмаймыз. Бірақ, бір нәрсені айту парыз: жетімдердің рөлін Тәжібаев атындағы балалар ауылының тәрбиеленушілері қалай тәуір ойнаса, жемқорлардың рөлін департаменттегілер одан да жақсы сомдаған. Түсініп отырсыз ба? Ал енді жемқорлықпен күресушілердің рөлі ашылмай қалғандай көрінді бізге.
Ютуб желісінде фильм туралы біршама пікір айтылыпты. «Менің папам жүр ғой» депті бірі. «Керемет туынды» дейді екіншісі. «Зор фильм!» депті үшіншісі. Ал сіз не дейсіз?
Nege.kz