3 февраля 2026 г. 14:07

14 ақылы жолда жүргізушілер төлемді әдеттегіден аз төлейді

Фото: gov.kz

Республикалық маңызы бар 14 ақылы жол учаскесінде төлемақы есептеу тәртібі өзгерді. Бұған жол жабындысында анықталған ақаулар себеп болған.

6 Астана, NEGE. Бұл жөнінде «ҚазАвтоЖол» компаниясы хабарлады. Бұл шара 29 қаңтардан басталған.

«Енді жолда ақауы анықталған бөліктер уақытша түрде ақылы қашықтықтан алынып тасталады. Соның нәтижесінде жүргізуші төлейтін сома төмендейді», – делінген хабарламада.

Компания өкілдерінің мәлімдеуінше, ақы тек талапқа сай, қауіпсіз жол бөлігі үшін ғана алынады. Ал ақауы бар тұстар толық қалпына келтірілгенге дейін тарифке кірмейді.

«Жолдың өзі ақылы болып қала береді, бірақ төлем мөлшері төмендетіліп есептеледі. Ең маңыздысы – ешқайда барып, өтініш жазудың қажеті жоқ. Төлем жүйесі бәрін автоматты түрде жүргізеді: ақауы бар бөліктерді өзі есептен шығарып, төлемді жаңаша шығарады. Демек жүргізуші бұрынғыдан аз төлейді», – деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

Тарифті уақытша өзгерту ақаулар толық жойылғанға дейін сақталады. Ал ақауларды жөндеу жұмыстары биыл жол-құрылыс маусымы басталысымен қолға алынады деп жоспарланған. 

Төлем мөлшерлемелері қайта есептелетін 14 учаске:

  1.  Көкшетау – Петропавл
  2. Павлодар – Семей – Қалбатау
  3. Павлодар – Омбы
  4. Астана – Теміртау
  5. Алматы – Қонаев
  6. Қонаев – Талдықорған
  7. Шымкент – Қызылорда
  8. Орал – Самара
  9. Орал – Саратов
  10. Астана – Павлодар
  11. Қызылорда – Арал
  12. Ақтөбе – Орынбор
  13. Қостанай – Троицк
  14. Тараз – Қайнар.