130 мың тонна астық қазақстандық өнім ретінде экспортталған: мемлекетке 1,2 млрд теңге залал келді

Қаржылық мониторинг агенттігі Батыс Қазақстан облысында астықтың «сұр импортына» қатысты схема әшкереленгенін хабарлады.

magnific.com

Астана, NEGE. Тергеу дерегіне сәйкес, импортталған астық кейін Қазақстанда өндірілген өнім ретінде Өзбекстанға, Ауғанстанға және Тәжікстанға экспортталған. Қазақстан аумағы арқылы жалпы құны 11,2 млрд теңге болатын шамамен 130 мың тонна астық жеткізілген.

ҚМА мәліметінше, схеманы іске асыру үшін алдын ала жалған басшылардың атына коммерциялық ұйымдар тіркелген. Кейін бұл компаниялар мен отандық шаруа қожалықтары арасында астық сатып алу жөнінде жалған келісімшарттар рәсімделген. Бұл шарттар астықты Қазақстанда өндірілген өнім ретінде көрсетіп, оны тасымалдау кезінде жеңілдетілген тариф қолдануға мүмкіндік берген. Астық экспортына қатысты схемада «Bakery Nan», «KazGrano», «Perfect Seed», «Weizen» және «Golden Grain Kazakhstan» ЖШС-лары пайдаланылған.

«Транзиттік тарифтің төленбеуі салдарынан «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС-не 1 млрд теңгеден астам көлемде залал келтірілген. Сондай-ақ мемлекет мүддесіне 1,2 млрд теңге көлемінде залал келді», – деп хабарлады агенттік өкілдері.

Іс бойынша бес адам күдікті деп танылды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталып, процеске қатысушылар қылмыстық іс материалдарымен танысуға кірісті.