12 қыркүйек – Алтынбек Сәрсенбайұлының туған күні
Бүгін – мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының туған күні. 2006 жылы 11 ақпанда саяси тапсырыс құрбаны болмағанда, А.Сәрсенбайұлы биыл 59 жасқа толар еді.
Алматы, NEGE. А.Сәрсенбайұлының туған-туыстары, үзеңгілестері, шәкірттері бүгін Кеңсайдағы зиратына барып, құран бағыштады. Қайраткердің елге сіңірген ерлігі мен саясаттағы жолы әңгімеге арқау болды.
Алтекеңнің туған күніне орай достары мен шәкірттері саясаткердің туған ауылы – Сарыжазға (Алматы облысының Райымбек ауданы) барып, бір кездері Алтекеңнің өзі шығуды жоспарлаған Лабасы шыңына белгітас орнатуға бел буып отыр.
Саясаткердің алпыс жылдық мерейтойы келесі жылы өтеді. Осы датаға орай түрлі іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Шың басына белгітас орнату – осы шаралардың басы.
Жергілікті жұрт Лабасыны «Алтынбек шыңы» деп атайды. А.Сәрсенбайұлының өмірден өткеніне биыл 15 жыл толса да, бүгінгі билік қоғам қайраткерінің атына көше немесе мектеп атын ресми түрде беруден тайсалады.
Естеріңізге салайық, 2006 жылы 11 ақпанда мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлын және оның серіктері Б.Байбосын мен В.Журавлевті ҰҚК-нің «Арыстан» арнайы жасағының көмегімен ұрлап әкетіп, атып тастаған.
Саясаткердің денесі 2006 жылдың 13 ақпанында Алматы облысының Талғар ауданының таулы аумағынан табылды. Алғашқыда «саясаткерді өлтіруге тапсырыс берді» деген айыппен ҚР Сенатының аппарат басшысы Ержан Өтембаев сотталған. Киллер деп бұрынғы полицей Рустам Ибрагимов танылды. 2014 жылы бұлар бастапқы мойындауларынан бас тартып, саясаткерді өлтіруге Рахат Әлиевтің тапсырыс бергенін айтты.
Алайда А.Сәрсенбайұлының туыстары мен шәкірттері «бұл – саяси террор, қылмыс әлі ашылған жоқ, қылмысқа қатысы бар адамдар әлі билікте отыр» деп есептейді.