12 адамның өмірін қиған Bek Air ұшағы апатының себебі анықталды
Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2019 жылы 27 желтоқсанда Алматы әуежайында болған Bek Air Fokker-100 ұшағындағы апатты тергеудің аяқталғанын айтты.
Алматы, NEGE. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің хабарлауынша, Fokker-100 ұшағындағы авиациялық оқиғаны тексеру жұмыстары аяқталды. Ұшақ апатын азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган құрған комиссия тексерді.
Халықаралық және Қазақстан заңнамасына сәйкес, комиссия жұмысына Нидерланд Корольдігінің қауіпсіздік жөніндегі бюросының өкілдері (авиациялық оқиғаларды тексеру жөніндегі мемлекеттік орган) және олардың кеңесшілері – нидерландтық Fokker Services B. V. компаниясының мамандары (Fokker үлгісіндегі әуе кемесі сертификатының иесі), сондай-ақ мемлекетаралық авиация комитетінің тексерушілері қатысты.
Тексеру нәтижесі бойынша қорытынды есеп Нидерланд Корольдігінің қауіпсіздік жөніндегі бюросы және мемлекетаралық авиация комитетімен келісілді.
"Бек Эйр" АҚ әуе кемесінде болған апат ұшақ әуеге көтерілген кезде қанатының күш түсетін қасиетінің симметриясын жоғалтуы себеп болғаны анықталды. Соның кесірінен ұшақ ұшу-қону жолағынан көтерілгеннен кейін фюзеляжға құлап, қар басқан топырақтың бетімен оңға қарай ауып кеткен. Одан кейін әуежай периметрі бойынша қоршауын бұзып, сол қоршаудан 9-10 метр қашықтықта орналасқан екі қабатты жекеменшік құрылыс нысанына соғылған", – делінген ақпаратта.
Комиссия қорытындысына сәйкес, ұшақ қанатының күш түсетін қасиеттерін жоғалтуының себебі жер үстіндегі мұзданудың әсері болуы ықтимал.
Сондай-ақ комиссия Алматы әуежайында мұздануға қарсы өңдеу сапасын бақылау жүйесі болмағандығын айтты. Экипаж ұшақты, әсіресе ұшу алдында оның қанаттарын тексермеген болуы мүмкін.
Айта кетсек, 2019 жылы 27 желтоқсанда Bek Air жолаушылар ұшағы Алматыдан ұшып шыққаннан кейін бірден құлады. Ұшақ бетон қоршауға құлап, екі бөлікке бөлінді. Апат салдарынан 12 адам қаза болды. Экипаж командирі оқиға орнында көз жұмса, ауруханадан шыққаннан кейін екінші ұшқыш қайтыс болды. Ұшақ бортында 93 жолаушы мен экипаждың бес мүшесі болған.