12 жылға сотталған экс-әкім мерзімінен бұрын босап шығуы мүмкін
Алатау қаласының соты Жамбыл облысының бұрынғы әкімі және «Қазселденқорғаудың» экс-басшысы Кәрім Көкірекбаевты денсаулығына байланысты жазасын өтеуден босату туралы өтіншті қанағаттандырған.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде журналист Михаил Козачков хабарлады.
2022 жылғы 27 желтоқсанда Көкірекбаевты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері мердігерден пара алды деген күдікпен ұстаған. Іс бойынша оның орынбасары Әділет Ахатаев пен «Bazis Construction INFR» ЖШС басшысы Андрей Поплавский де жауапқа тартылды.
Тергеу мәліметінше, «Базис» компаниясының топ-менеджері мемлекеттік мекеме басшыларына Қорғас өзеніндегі қорғаныс құрылыстарында іс жүзінде орындалмаған жұмыстардың актілеріне қол қойғаны үшін 396 миллион теңге берген. Мемлекетке келтірілген шығын көлемі 2 миллиард теңгеге жуық деп бағаланған.
2024 жылдың жазында алқабилер соты Поплавский мен Ахатаевты кінәлі деп таныса, Көкірекбаевты ақтап шығарған. Алайда кейін бұл үкімнің күші жойылып, іс қайта қарауға жіберілді.
2025 жылғы шілдеде сот Көкірекбаевты 12 жылға, ал оның орынбасары Әділет Ахатаев пен кәсіпкер Андрей Поплавскийді 11 жылға бас бостандығынан айырды.
Алматы облысының прокуратурасы Алатау қаласының соты Көкірекбаевты денсаулық жағдайына байланысты жазасын өтеуден босату туралы өтінішін қанағаттандырғанын растады. Алайда прокуратура сот шешімімен келіспей, оған наразылық білдірген. Енді іс Алматы облыстық сотында қайта қаралмақ.