12 жылдық үкім жойылды: Шымкентте ҰҚК-нің бұрынғы подполковнигінің ісі қайта қаралады
Кассациялық сот Шымкент қаласы ҰҚК департаменті бастығының бұрынғы бірінші орынбасары Манат Сарбасовқа қатысты үкімді жойды. Ол пара алу және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру ісі бойынша қайта сотталады.
Астана, NEGE. Сарбасовтың адвокаты Жасұлан Әсілбековтың айтуынша, кассациялық сот істі қарау кезінде алқабилердің дауыс беру тәртібіне қатысты заңбұзушылықтар анықталды.
«Сот үкімі мен Шымкент қалалық сотының апелляциялық алқасының қаулысы толықтай жойылды. Бұған қылмыстық-процестік заңнаманың өрескел бұзылуы себеп болды. Кассациялық сот уәждерімізді тыңдап, оларды орынды деп таныды», – деді адвокат Kazinform агенттігіне.
Сондай-ақ үкімнің жойылуы іс бойынша сотталған барлық адамға қатысты болмақ. Алайда Манат Сарбасов әзірге қамауда қалады.
Енді қылмыстық іс Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында басқа құраммен қайта қаралмақ.
Манат Сарбасов қандай іс бойынша сотталған?
2025 жылғы қазанда Манат Сарбасов пара алу және қылмыстық кірістерді заңдастыру айыбы бойынша 12 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Бұдан бөлек, әскери шенінен айырылып, одан екі бөлмелі пәтері мен Toyota Land Cruiser көлігі тәркіленген. Сондай-ақ 70 миллион теңге көлеміндегі параны мемлекетке қайтаруға міндеттелді.
Бұл іс бойынша Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Темірхан Варзилов, оның қарамағындағы қызметкер Шыңғыс Жанабаев, кәсіпкер Ерлан Тышқанбаев және ҰҚК департаментінің майоры Айдос Сраилов та сотталды.
2026 жылғы қаңтарда Шымкент қалалық сотының апелляциялық алқасы үкімді қайта қарап, мүлікті тәркілеу туралы бөлігін алып тастаған.