«12 мың адам көрген»: TikTok-та былапыт сөз айтқан семейлік әйел 5 тәулікке қамалды

TikTok әлеуметтік желісіндегі тікелей эфир кезінде былапыт сөздер айтып, алкогольдік ішімдік ішіп отырғанын әдейі көрсеткен 53 жастағы әйел қамауға алынды.

Видеодан кадр/polisia.kz

Астана, NEGE. Желі қолданушылары алдында құрметсіздік танытқан тұрғынды Абай облысы полицейлері мониторинг жүргізу барысында анықтаған. Полицейлердің мәлімдеуінше, әйел қатысқан тікелей эфирді шамамен 12 мың адам көрген.

«Әлеуметтік желілер заңбұзушылыққа жол берілетін кеңістік емес, әрбір заң бұзушылыққа тиісті құқықтық баға беріледі. Полиция қызметкерлері құқық бұзушылық жасаған әйелдің жеке басын жедел анықтады. Ол Семей қаласының 53 жастағы тұрғыны Мадина Баяхметова болып шықты», – делінген ведомство хабарламасында.

Сот оны ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, жас ерекшелігін ескере отырып, бес тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындады.

«Әлеуметтік желідегі тікелей эфир барысында былапыт сөздер айту, әдепсіз мінез-құлық көрсету және қоғамдық тәртіпті бұзудың өзге де түрлері заңда белгіленген жауапкершілікке негіз болуы мүмкін», – деп ескертеді полицейлер. 

Еске салсақ, таяуда әлеуметтік желідегі балағат сөзі үшін журналист және қоғам белсендісі Арман Шораев 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынған болатын.