12 адам қаза тапқан «Центр плова Loft» ісі бойынша үш адамға үкім шықты

Бурабай аудандық сотында 12 адам қаза тауып, 11 адам зардап шеккен Щучинск қаласындағы «Центр плова Loft» дәмханасында болған жарылысқа қатысты үш адамға үкім оқылды. Бұл іс бойынша үш адам – кафені жалға алушы, автогаз құю станциясының директоры және газ жеткізуші айыпталушы ретінде танылған еді.

ТЖМ

Астана, NEGE. Кафені жалға алушы соттағы соңғы сөзінде қайғылы оқиғадан кейін зардап шеккендерге көмек көрсетіп, олармен тәулік бойы байланыста болғанын, адамдарға көмектесіп, ауруханаға дәрі-дәрмек жеткізгенін айтты, деп жазады Kazinform.

Сондай-ақ ол сот процесі барысында кафе жұмысын тиісінше бақыламағанын, атап айтқанда, дәмханада өрт қауіпсіздігі талаптары сақталмағанынын түсінгенін жеткізді.

«"Центр плова" мекемесінің барлық құжаты мен жұмысын басқарушыға сеніп тапсырғаныма да немқұрайлы қарадым, себебі оның жауапкершілігіне сендім. Болған жағдай үшін баршаңыздан кешірім сұраймын. Бұған шын жүректен өкінемін. Зардап шеккендердің ешқайсысын назардан тыс қалдырмай, оларға көмектесемін», – деді ол.

Автогаз құю станциясының директоры сот қарауының нәтижесінде өрттің нақты себебі сыртқы әсерден баллонның жарылуы болғаны анықталғанын атап өтіп, ақтау үкімін шығаруды сұрады.

«Сот залында барлық сарапшы мен мамандар тіпті шамадан тыс толтырылған баллонның өзі тек жылу әсері болған жағдайда ғана жарылуы мүмкін екенін көрсетті... 25 ақпанда "Шерол" жанар-жағармай станциясында тұрмыстық газ баллондарын толтыру фактісінің 26 ақпанда "Центр плова" кафесінде болған өртпен себеп-салдарлық байланысы жоқ», – деді ол.

Ал үшінші сотталушы – газ баллондарын жеткізуші соттан болған оқиғаға әділ баға беруді сұрады.

Сотта кафені жалға алушының әрекеті Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі (Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу) бойынша сараланып, оған Бурабай аудандық сотының судьясы Әсел Ілиясова жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Сонымен қатар кәсіпкерге үш жылға қоғамдық тамақтану саласында жұмыс істеуге тыйым салынды.

Автогаз құю станциясының директоры Қылмыстық кодекстің 306-бабының 3-бөлігі (Абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату) бойынша сотталды. Оған да жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Газ жеткізуші де осы бап бойынша алты жылға бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ сот жәбірленушілердің азаматтық талаптарын ішінара қанағаттандырды. Олардың әрқайсысына 1 миллионнан 4 миллион теңгеге дейін өтемақы төлеу белгіленді.

Сотталғандар 15 күн ішінде үкімге шағымдана алады.

Еске салсақ, қайғылы оқиға биыл 26 ақпанда болған. Кафеде газ баллоны жарылып, кейін өрт шыққан. Салдарынан 12 адам қаза тауып, тағы 11 адам түрлі жарақат алған. Ғимарат иесіне аса ірі мөлшерде материалдық залал келтірілген.