«110 мың вагон НЕГЕ қаңтарылып тұр?»

NEGE порталының редакциясына хабарласқан тұрақты оқырмандарымыздың бірі «Қазақстан Темір жолына» қатысты дерек жеткізді.

Оқырманымыздың айтуынша, ҚТЖ-ның қарамағында 110 мың вагон қаңтарылып босқа тұрған көрінеді.

«Қазақстанның әр аймағындағы ҚТЖ-ға қарасты тупиктерде 110 мың жүк вагоны босқа тұр. Білуімше, 60 мың вагон Ресейге тиесілі. Санкцияның кесірі ме, әлде ҚТЖ-ның тиімсіз жұмысының салдары ма, әйтеуір бюджетке ақша түсіруге тиісті осынша вагон бекерге қаңтарылып тұр», – деді оқырманымыз.

NEGE тілшісі ҚТЖ-ның баспасөз қызметіне хабарласып, деректі нақтылауға тырысты.

ҚТЖ-ның баспасөз қызметінен: «Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Бізде мұндай вагон тұрақтары жоқ», – деген жауап келді.

Оқырманымыз жеткізген бұл деректі біз әлі де нақтылай түсуге тырысамыз.