«11 адам шабуыл жасаған»: Қызылордада қаза тапқан жігіттің туыстары әділ тергеуді талап етті

Қызылордада 20 жастағы Александр Ивановтың өліміне қатысты тергеу облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауына алынды.

Қызылорда облысы ПД

Астана, NEGE. Оқиға 8 қазанда болған. Марқұмның әпкесінің айтуынша, Александр Иванов достарымен бірге Есетов көшесіндегі дәмханалардың бірінде отырған. Сол жерде оның досы мен диджей арасында жанжал шыққан. Артынша диджей таныстарын шақырған болуы мүмкін.

Александр далаға шыққан кезде бір топ жігіт оған шабуыл жасаған. Бірнеше жерінен пышақ жарақатын алған 20 жастағы жігіт ауруханада көз жұмды.

Марқұмның әпкесі шабуылға 11 адамның қатысқанын айтады. Алайда полиция әзірге үш күдіктіні ғана ұстаған. Ол оқиғаның мән-жайын толық анықтап, қылмысқа қатысқандардың бәрін жауапқа тартуды сұрап, Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураға жүгінген.

Полиция үш күдіктінің ұсталғанын растады. Олардың барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Тергеушілер оқиғаға қатысты бейнежазбаларды қарап, өзге адамдардың да қылмысқа қатысы бар-жоғын анықтап жатыр. Істің тергелуін облыстық полиция департаментінің басшылығы қадағалап отыр.