1-сыныпқа құжат қабылдау мерзімі өзгертілді
Биылдан бастап 1-сыныпқа құжаттар 27 мамыр мен 31 тамыз аралығында қабылданады.
Астана, NEGE. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова 1-сыныпқа құжат тапсыру мерзімі қайта қарастырылғанын хабарлады.
Бұған дейін құжат тапсыру 1 сәуірден басталатын. Дәл осы кезеңде мектептерде сабақ жүріп жататындықтан, министрдің сөзінше, бұл мектеп басшылығы мен мұғалімдерге және IT саласының мамандарына құжат қабылдау процесін тиімді ұйымдастыруға кедергі келтіріп келген.
«Оқу процесімен қарбаласып жатқан кезде 1-сыныпқа құжат қабылдауды тиімді ұйымдастыру мүмкін болмай қалған кезеңдерді жақсы білеміз. Осындай келеңсіз жайттарға жол бермеу үшін биыл біз 1-сыныпқа құжат қабылдау мерзімін өзгерттік. Енді 1-сыныпқа құжат қабылдау 27 мамырда басталып, 31 тамызға дейін жүргізіледі», – деп мәлімдеді Сүлейменова желідегі парақшасында.
Құжаттарды тіркейтін базаның бірнеше мәрте сынақтан өткізілгенін айтқан министр «ата-аналарға қолайлы болатын барлық жағдайды жасадық» деп сендірді.