20 июня 2024 г. 10:44

«Болашақ» түлегіне қатысты дау шешімін тапты

Фото: ғаламтордан

«Болашақ» бағдарламасына қатысты дауға нүкте қойылды.

Алматы, NEGE. Естеріңізде болса, аталған бағдарлама түлегі Ұлыбританияға оқуға кетіп, содан қайтпай қалған. Ол кепілге қойған мүлкін шығарып алғаннан кейін Халықаралық бағдарламалар орталығы оқудың ақшасын, яғни 30 млн теңге мемлекет қаржысын гарант болған үшінші тараптан талап еткен еді.

«Құрметті әріптестер, бүгінгі видеоүндеуде мен, Мақпал Дәрібаева және әріптесім Наталья Воробьева, «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығындағы резонансты оқиға бейбіт жолмен өз шешімін тапқанын айтқымыз келеді. Өздеріңіз білетіндей, апелляциялық соттың шешімімен бізге медиацияға 2 апта уақыт берілген еді. Осы уақыт аралығында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекұлы мен «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығының басқарма төрағасы Әлия Қалқаманқызының жылдам әрекет етуімен, Валерия Гавриленко кепілдікке қайта пәтер қойып, оқуға кеткен шығынның барлығын өзі өтейтінін мойындап, келісімшартқа қол қойған», - дейді видеоүндеуде Мақпал Дәрібаева.

Сондай-ақ, кепілгер қолдау танытқан жандарға алғысын айтты.

«Түйіткілді мәселе шешімін тапқанша, өз назарында ұстаған министр Саясат Нұрбекұлына, әрдайым бізбен байланыста болған Әлия Қалқаманқызына алғыс айтамыз. Әрине құрметті әріптестер, сіздердің ақпараттық қолдауларыңыздың арқасында бұл мәселеге нүкте қойылып, бейбіт жолмен шешімі табылды. Қазіргі таңда, біздің тарапымыздан «Болашақ» орталығына және де «Болашақтың» тарапынан бізге ешқандай шағым жоқ», - деді ол.