3 Мамыр 11:18

«Абьюз әйел спортшы күйеуін жүндей түткен» – Психотерапевт абьюз әйелдер туралы айтты

Әйел
Фото: Фото: ғаламтордан

Зорлық-зомбылық өршіп тұрған уақытта абьюзерлер де аз болмайды. Бұл абьюздік әрекет ер азамат тарапынан ғана емес, әйел, ата-ана, баланың қолымен де жасалатынын білсек те, көз жұма қараймыз. NEGE тілшісіне сұхбат берген психотерапевт Мұхамед Алязұлы отбасындағы қарым-қатынас жайында кеңірек айтып берді.

– Мұхамед Алязұлы, психотерапевт ретінде сізге қандай адамдар көмек сұрап келеді? 

– Жалпы, психотерапия жан-жақты сала. Маған ішімдікке, құмар ойынға, лудоманияға есірткіге тәуелді адамдар хабарласады, келеді. Бір сөзбен айтқанда, тәуелділіктен құтылудың жолын іздегендер. Сол сияқты психологиялық тұрғыдан өзіне сенімсіз адамдар, отбасылық мәселеде қарым-қатынасы күрделеніп кеткен ерлі-зайыптылар көп көмек сұрайды.

– Соңғы кезде тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі қоғамда ашық талқылана бастады. Сізге осы тұрғыда қай тараптан сұрақ көп қойылады?

– Негізінен отбасылық мәселеге байланысты әйелдер шағымданады. Күйеуінен зорлық-зомбылық көргенін айтады, осы тығырықтан қалай шығуды сұрайды. Мәселен, «Күйеуім бұрынғыдай көңіл бөлмейді, дөрекі қарым-қатынас жасайды, аяғы қол жұмсауға дейін барады» дейді. Ал енді бірі «Айрандай ұйып отырған отбасымызды үшінші бір адам бұзып отыр. Бұл ситуациядан қалай шығуға болады?» деген мәселені ортаға салады. Әйел мұның бәрін өзіне деген сенімділіктің азайып кеткенінен көреді. Дәл сол сияқты «үш бала туды, енді қайда барады» деп таяқтың астына алатын еркектер де баршылық.

Бұл ғана емес, күйеуге дер кезінде шыға алмай жүрген қыздар да көп жүгінеді. Сыртқы келбеті өзіне ұнамайды, ішкі комплекстері мазалайды дегендей. Ал 18-20 жастағы қыздардың адаммен қарым-қатынас жасау қызметі бұзылған. Әлеуметтік желіде хабарламаны түсінікті етіп жазады, бірақ жеке кездескенде абдырап, концентрациясы шашыраңқы болады. Осыны коммуникацияның бұзылуы дейді.

Абьюз
Фото: ғаламтордан

– Қоғамда абьюзерлік, абьюз ер азаматтар жайында кеше пайда болғандай тілге тиек етіп жүрміз. Шын мәнінде, сіздің тәжірибеңізде жиі кездесетін шығар...

– Жалпы, қоғамда еркектер тарапынан жасалатын абьюзерлік баяғыдан бар, болған да, бола береді де. Мұндай мыңдаған оқиға бар. Бишімбаевтың соты соның бірі ғана. Мұны елге ашық түрде көрсетіп жатқан соң резонансты түрде талқыланып кетті. Бәлкім, бұл қоғам үшін пайдалы заң әкеледі, басқараларға сабақ болады. Абьюзерлер мұның арты жақсылыққа апармайтынын түсінуі мүмкін. Әйел де ер азаматымен қарым-қатынасты реттеуі тиіс. Кез келген жағдайда кінә бір жақтан болмайды. Абьюзерлік әрекетті ақтап алуға болмайды, бірақ әйел де өз тарапынан шектен шықпауға жол бермеуі қажет. Дегенмен, көрсеткіштің көбею тенденциясы байқалады. Меніңше, 30 жыл бұрынғы уақытпен салыстырсақ, 10 пайызға артқан шығар. Абьюзер адам өмірге солай кеп, қалыптасқан жоқ қой. Ондай адам өзін көшеде, қоғамдық жерде басқаша, үйінде басқаша көрсетеді. Оған әйелдің де кінәсі бар деуге болады.

Кейбір қыз-келіншектер қарапайым қарым-қатынас жасауды білмейді. Әйел болған соң бәзбір дүниелерге аздап тыйым болатыны түсінікті. Бірақ осының өзінен шу шығарып, дау туындататын әйелдер де жоқ емес. Әу баста кездесіп жүргенде болашақ күйеуіңнің мінезі ауыр, салмақты, қатал екенін білуге болады ғой. Демек, серігін дұрыс таңдай алмады деген сөз.

Әрине, әйелге де кінә арта алмаймын. Бірақ «жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» демекші, басыңқы дауыспен дұрыстап түсіндірсе, еркек те адам ғой. Ұрыс-керіс шығаруға дайын тұратын әйелдер көбейген сияқты. Осылайша, жәбірленуші агрессорды қолдан арандатады. Көбінесе жазасыз қалу да қылмысты тудыра береді. Отбасындағы ішкі мәселеге ешкім араласпау керек десек те, бұл асқынады, шарықтау шегіне жетеді. Алайда, әркімнің таңдауы бар. Егер тұра алмаса, екі жаққа кетеді. Ал бұл жерде жапа шегетін – балалар. Себебі, балада таңдау еркі жоқ. «Бала ата-ананы таңдамайды» деген осыдан шықса керек. Содан кейін де бала стрестің тұңғиығына түсіп кетеді. Бұл оның болашағына да кері әсерін тигізуі мүмкін.

Мәселен, күйеуімен тіл табыса алмайтын әйел келді. Онымен жұмыс істеу барысында көзге көірінген қателіктерін айттым. Қарым-қатынас жасауда өзін қалай ұстау керектігін, реакциясының қандай болу керектігін түсіндіріп едім, қазір жақсы жағына қарай өзгергеніне куә болдым. Бұл бір тараптағы адаммен ғана жасалған жұмыстың нәтижесі.

Психология
Фото: ғаламтордан

– Демек, абьюз әйелдер де аз емес қой?

– Әрине, жетеді. Бірақ әйел тарапынан жасалатын абьюздік қарым-қатынастың көрінісі басқалау. Менің алдыма әйелінен зәбір көрген еркектер де келеді. Мысалы, мұндай әйел қай кезде де күйеуін кінәлі етіп шығарады, манипуляция құрбаны қылады, қит етсе «ажырасамын» деп қорқытады. Содан кейін де еркектің сағы сынып, өзін үнемі жайсыз, мазасыз сезінеді. Бірақ бұл еркек отбасын, балаларын жақсы көреді, ешқайда кеткісі келмейді. Бірде спортта талай жетістікке жеткен чемпион спортшы көмекке жүгінді. Шынашақтай әйелі абьюзерлік әрекет жасаудан шаршамаған. Күн сайын кетемінге салады, миын жейді, балаларды әкесіне қарсы қояды. Ер азаматының әлсіз жеріне пышақ сұға береді. Жап-жақсы жігітті жүндей түткен ғой. Бірақ әлгі спортшы әйелін сүйеді, онсыз өмір сүре алмайтынын айтады. Көрдіңіз бе, «мені жақсы көреді» деп білгенін істеп, осындай әрекетке барып жатқан әйелдер бар. Мұның соңы жақсылыққа апармайды. Күндердің бір күнінде ол еркек те шегіне жетіп, жарылуы мүмкін. Кейбір тәрбиелі ер азаматтар әйелге қол көтере алмайды. Солай тәрбиеленген. Бірақ қол жұмсауға әйелі жеткізуі ықтимал.

– Білуімізше, абьюзерлік әрекет қоғамның кез келген мүшесі арқылы жасалады. Тіпті, ата-ана да, бала да, солай ма?

– Жақында ерлі-зайыпты келді. Бұл жерде баласы – абьюз. 15 жастағы қызын ұйқыдан оятуға да қорқатынын жеткізді. «Егер мені оятсаңдар, айтқанымды істемесеңдер, үйден кетемін, есірткі пайдаланамын, жезөкшелікпен айналысамын» деп қорқытады екен. Кейде ата-анасын бопсалап, ақша алады. Келгісі келмесе, құрбысының үйіне қона салатын көрінеді. Осыдан кейін ата-анасы үреймен өмір сүріп жүр.

Бұрын кез келген отбасында кемінде бес-алты бала болды. Мұндай отбасында абьюзерлік деген әрекеттің жұрнағы да көрінбейтін. Қазір жас отбасы әрі кетсе екі-үш бала ғана өмірге әкеледі. Шамадан артық жағдай жасап, өбектей беруді, қамқорлықты бала да біледі. Соны өздеріне қару етіп қарсы қояды. Ата-анасы енді жаман жолға түсіп кете ме деп қорқады. Сол сияқты үйден анасын, әкесін қуып жіберетін балалар да бар. Оның бәрі тәрбиеге, менталитетке байланысты.

– Оларға қалай көмек бересіз?

– Емдеудің екі жолы бар. Бірінші әдіс – психотерапия. Жүйке жүйесін ине терапиясын жүргізу арқылы тыныштандырып, қалпына келтіреміз. Тіпті қажет болса, керекті мөлшерде гипноз қолданамыз. Бұл тәсілдің тиімдісі, мәселенің себеп-салдары анықталады, шешімі табылады. Екінші, дәрі-дәрмек арқылы емдеу. Яғни, депрессияның ауыр түріне шалдықса, елден оқшауланып стационарда жатып ем алады. Бұл мәселені шешпесе де, уақытша жақсы сезінуге мүмкіндік береді.

Енді ертегідегідей 100 пайыз нәтиже береді дей алмаймын. Бірақ жағдайы әлдеқайда жақсарып, қарым-қатынасын түзегендер көп. Адам өзгерсе, оның айналасы да өзгереді. Ол өзінің мінез-құлқындағы кемшіліктерді біледі, оған жол бермеуге күш салады. Бірте-бірте өмір сүруі де жеңілдейді.

тұрмыс
Фото: ғаламтордан

Дегенмен, біздің қоғам бар жүкті әйелге ғана артып қойған жоқ па?

– Шын мәнінде, әйел болып өмір сүру оңай емес. Ата-енесі, күйеуі, балалары, туған-туыстың көңілінен шығу, сыйлау, тағысын тағы міндеті жетеді. Бұл жерде ер азаматтармен жұмыс істеп, әйелдің нәзік жаратылыс иесі екенін түсіндіру керек. Әйелдің мүлдем бөлек екенін, оның мінез-құлқы көңіл-күй мен эмоцияға байланысты құбылып тұратынын әрбір ер азамат білуі тиіс.

Әйел – табиғатынан әлсіз, махабатқа зәру. Үнемі еркелеп, өзіне қажет дүниені астармен жеткізгенді ұнатады. Міне, ер азамат осыны түсіне қойып, нағыз еркек екенін көрсеткені абзал. Қазір әйелмен салғыласып, әр сөзге килігіп ұрыс іздейтін еркек көп. Содан кейін де әйел ұрысқа итермелеп, арандатушылыққа барады. Әйел эмоцияны қосып сөйлесе, оған кешірімді. Оны тыңдай білу керек, көңіл бөліп, жақсы көру керек. Отбасында бақытты өмір сүргің келсе, өзің еркек бола біл!

Бүгін өмір сүру құндылықтары өзгеріп барады. Жастар ақша болса, бәріне қол жеткізуге болады деп түсінеді. Ар-намысты, шыншыл болу, өз еліңнің, ұлтыңның, отбасыңның патриоты болу деген олар үшін маңызды емес. Өмір өзгеріп жатқанда, біз де уақытқа ілесуіміз керек.