3 Мамыр 18:40

«Құзырлы органдар Құлыбаевты жасырын тексеріп жатыр» – Мәжіліс депутаты

Заңсыз активтер
Фото: Коллаж NEGE

Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев пен қызы Динара Құлыбаева Halyk Bank-тан дивидент ретінде алған 200 миллиардқа жуық теңгені «Алмэкс» холдинг тобы» АҚ-ға аударған. 

Бұл миллиардер отбасының қыруар қаржыны шетелге асырудың «заңды» тәсілі болып шығуы мүмкін. Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапидің айтуынша, тиісті органдар құлыбаевтардың ісін қарап жатқан көрінеді.

Депутат
Е.Бапи. Фото: ғаламтордан

«Halyk Bank мәселесі мемлекеттік деңгейде шешілуі тиіс. Өйткені, бұл банк – құрылым түзуші үлкен банк. Қаржы институты. Барлық коммуналдық, барлық негізгі мемлекеттік компанияларға Halyk Bank арқылы қызмет көрсетіледі. Меніңше, активтерді қайтару туралы заңның негізінде Halyk Bank ревизиядан өтуі қажет. Менде мынадай қызық ақпарат бар: Тимур Құлыбаевтың үстінен қазіргі таңда тиісті органдар жасырын тексеру жүргізіп жатыр екен. Бұл органдар істі аяғына жеткізер. Сонда бәрі анықталады», – дейді депутат ҚазТАГ-қа берген түсініктемесінде.

Экономист Айдар Әлібаевтың пікірінше, Тимур Құлыбаевтың қандай да бір миллиардтарды Қазақстаннан әкеткені жаңалық емес. Өйткені, ол мұнымен өмірбойы айналысып келе жатыр.

Экономист
А.Әлібаев. Фото: ғаламтордан

«Елден қанша миллиардты әкеткені жайында ешкім ештеңе білмейді. Бұл ақпараттың рас-өтірін білмеймін, бірақ құқық қорғаушылар Құлыбаевтың іс-әрекетіне қызығушылық танытса, бұл – өте керемет жаңалық. Олай болса, оның барлық миллиардтарының, барлық активтерінің қалай пайда болғанын тексерілуі тиіс. Тимурдың ғана емес, жұбайының да дүние-мүлкінің қалай келгенін анықтау керек», – дейді Айдар Әлібаев.

Экономист жалпы назарбаевтар отбасының активтерінің заңдылығын тексеру артық болмайды деп есептейді.

Миллиардер
Д.Назарбаева, Т.Құлыбаев. Фото: ғаламтордан

«Интернетті ашып қараса, бұл отбасыға қатысты көп мәліметті табуға болады. Құқық қорғау органдарына осы жолда сәттілік тілеймін. Барлық істі ашып, заңсыз активтерді қайтару бағдарламасына енгізуіне тілеулеспін. Өйткені, Тимур Құлыбаев активтерді шетелге ең көп шығарған адам болар. Қайын атасын есепке алмағанда. Бұл ел үшін, азаматтар үшін пайда болар еді. Заңсыз активтері мен миллиардтары елдің қазынасына оралар еді», – дейді Айдар Әлібаев.

Halyk Bank 26 сәуірде 277 миллиардтан астам теңгеге банктің қарапайым акциялары бойынща дивиденд төлейтінін хабарлаған еді. 1 сәуірдегі жағдай бойынша Halyk Bank-тің қарапайым акцияларының 69,52 пайызы «Алмэкс» холдинг тобына тиесілі болып шықты. Осылайша, Құлыбаевтардың компаниясы дивиденд ретінде 192,8 млрд теңге алған.