7 Наурыз 16:00

Қазір оң, ертең теріс. Қазақстанның төлем балансы НЕГЕ минусқа кетпек?

Фото:

Төлем балансының ағымдағы шоты 2022 жылғы профицит аймағынан 2025 жылдың соңына қарай біртіндеп тапшылық аймағына ауысады. Оны Ұлттық Банк өзінің ақша-несие саясаты бойынша есебінде жазады. Ағымда шоттың оң мәнде болуы теңге тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды факторлардың бірі болатын. Бірақ, Қазақстан оны ұстап тұра алмайтын сияқты.

«Ағымдағы шоттың оң сальдосының күтілген қысқаруы шикізат бағасының болжамды төмендеуіне және импортқа сұраныстың тұрақты өсуіне негізделеді», - деген болжам келтірілген, Ұлттық Банк есебінде. Негізгі бойынша ағымдағы шоттың профициті 2022 жылғы 6,3 миллиард доллардан 2023 жылы 100 миллион долларға дейін айтарлықтай қысқарады. Яғни биыл төлем балансы нөлге жақындамақ.

Бұл ретте, мұнайды экспортқа нақты жөнелту мен оны ресми статистикада көрсету арасында үш айға дейінгі уақыт аралығы бар екенін ескеруіміз керек. Ұлттық Банк сарапшылары болса, «мұнай экспортының статистикасында уақыт аралығына түзетілген ағымдағы шоттың профициті 2022 жылғы 6,1 миллиард доллардан 2023 жылы 2,2 миллиард долларға дейін және 2024 жылы 1,6 миллиард долларға дейін төмендейді», - деп есептейді.

«2025 жылы 0,6 млрд АҚШ доллары мөлшерінде тапшылық болжанады. Тауарлар экспортының динамикасы негізінен мұнай құрауышымен айқындалады. Мұнай бағасының болжамды төмендеу траекториясына қарамастан, мұнай экспорты ірі кен орындары есебінен өндіру көлемі өсуінен қолдау табады. Нәтижесінде уақыт аралығына түзетілген мұнай экспорты 2022 жылғы 46,8 млрд АҚШ долларынан 2023 жылы 48,6 млрд АҚШ долларына дейін және 2024 жылы 50,7 млрд АҚШ долларына дейін өседі. 2025 жылы өндіріс көлемі өсу нәтижесінен баға төмендеу әсері басым болуына байланысты мұнай экспорты 49,2 млрд АҚШ долларына дейін қысқаруы күтіледі»

Өкініштісі, мұнайдан басқа экспортымыз қатты өспейтін болады. Газды ішкі нарыққа қайта бағыттау, газдың, көмірдің және дәнді дақылдардың әлемдік бағасының арзандауы болжанып отыр. Барлық үміт тек уран мен ферроқорытпаларда. Олар әлемдік нарықта қымбаттайды деп күтілуде. Тек соның есебінен экспортымыз 2023 жылы 86 милллиард доллар, ал 2024 жылы 88,3 миллиард доллар болуы тиіс.

Экспорт қатты өспесе, керісінше импорт ұлғаймақ. Тауарлар импорты 2023 жылы 52,9 миллиард долларды, 2024 жылы 55,6 миллиард долларды, ал 2025 жылы 56,2 миллиард долларды құрамақ.

Бірақ мұнай өндіру көлемін ұлғайту арқасында, және металлдардың әлемдік бағасы жоғары болады деп күтілгендіктен, кіріс балансының тапшылығы 2023 жылы 29,2 миллиард доллар болса, 2025 жылы ол 28,6 миллиард долларға дейін төмендеуі тиіс.

Тегтер: