20 Сәуір 16:45

2023 жылға 100 миллиард доллар. Қазіргі Үкіметпен бұл тапсырманы орындау НЕГЕ мүмкін емес?

Фото:

Қазақстан өзінің Ұлттық қорын 100 миллиард долларға өсіремін деп отырған кезде, оны басқарудың шығындары артып келеді. 2022 жылдың қортындысы бойынша біз Қорды басқарудың өзіне 1,4 триллион теңге жұмсағанбыз. Бұл бұрын-соңды болмаған рекорд.

Қорды басқару шығындарының негізгі бөлігі сыртқы тәуелсіз аудитке кетеді. Ол арзан емес дүние екендігі түсінікті. Бірақ сол аудиттің бағасы жыл сайын қымбаттап келе жатыр ма, сол жағын Қаржы министрлігі ашып айтпай отыр.

Осыдан бір апта бұрын Ұлттық Банк Ұлттық қордың 2030 жылға дейінгі активтерін басқару тұжырымдамасын жариялады. Ол бойынша 2030 жылға қарай Қорда 100 миллиард доллар жатуы тиіс.

Биылғы сәуірдің басында Ұлттық қор активтері 58,4 миллиард долларды құрады. Сонда, енді қалған жеті жыл ішінде ол 71%-ға өсуі тиіс. Бұл қаншалықты орындалатын мақсат?

Ranking.kz деректері бойынша, 2014 жылдан бері Ұлттық қор активтерінің төмендеу тенденциясы бар. Қор өзінің ең биігіне 2014 жылдың тамызында жеткен болатын. Яғни, 77,2 миллиард долларға көтерілген. Сол уақыттан бері Ұлтық қор 18,8 миллиард жоғалтып алды.

Жаңа тұжырымдамада атап өтілгендей, ел активтерінің бұлайша қысқаруының бір себебі – Ұлттық қорға салудан алудың көбейгені. 2017 жылы қорға 2,1 триллион теңге түссе, одан 4,4 триллион алынған. Ал 2020 жылы 1,4 триллион теңге түссе, рекордтық 4,8 триллион теңге алынды. Бұл 10 миллиард доллардан асады.

2000 жылы негізі қаланған Ұлттық қордың 22 жылдық тарихында оның орташа жылдық табыстылығы 3,02 пайызды құраған. Ал шетел валютасындағы активтерді басқарудан түскен инвестициялық кіріс 15,1 миллиард доллар болды. Норвегиямен салыстырсақ, оның суверенді қорының 1998 жылдан бергі орташа жылдық жиынтық кірісі 5,7 пайыз. Ол акциялар есебінен деп санауға болады.

Енді Қазақстан да Ұлттық қор активтері құрамындағы акциялар үлесін 30%-ға жеткізетін болды. Ендігі мәселе – дұрыс акциялар сатып алуда.

Тегтер: