2 Ақпан 17:11

Қаңтар оқиғасы кезінде АҚОРДАДА қан төгілгені рас па?

Фото:
Қанды қаңтар оқиғасы кезінде Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке күзеті мен бұрынғы ҰҚК басшысы Кәрім Мәсімовтың жеке күзеті арасында қырғын төбелес болып, қан төгілген. Бұл туралы Orda.kz сайтының Бас редакторы Гүлнәр Бажкенова өзінің

Youtube арнасы арқылы айтып берді.

«Мен сіздерге бір оқиғаны баяндап берейін. Бұл жайлы мен былтыр естіген болатынмын. Бірақ бір ғана дерек көзінен. Ол дерек көзі сенімсіздеу еді. Мемлекеттік күзеттің бұрынғы қызметкері болатын. Сондықтан тіс жармай келген едім. Өткен аптада дәл осы оқиға жөнінде мүлде басқа бір адам айтып берді. Ол адамның бірінші дерек көзімен ешқандай қатысы, байланысы жоқ», – дейді Гүлнәр БАЖКЕНОВА.

Г.Бажкенова. Фото: esquire.kz

Оның айтуынша, Ақордада 3 қаңтарда нағыз қырғын болған. Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ пен Кәрім МӘСІМОВТІҢ жеке күзеттері бір-бірімен төбелескен. Қазақстанды тастап кетуге Кәрім Мәсімов президентті бір мәрте ғана үгіттемеген деседі. Президент бас тартқан сайын қарсылықтар үдей түскен-міс.

«Ал 3 қаңтарда Тоқаевтың жеке күзеті мен Мәсімовтің жеке күзеті арасында төбелес болған. Дерек көздерімнің айтуынша, төбелес кезінде қаза болғандар да бар», – дейді журналист.

Гүлнәр Бажкенованың сөзінше, әрі қарай кинодағыдай эпизод болған көрінеді. Президенттің күзеті жеңіске жетіп, ұрыс аяқталған тұста Тоқаев пен Мәсімов айналасындағылардың ауызын аңқитып, бір-бірімен қытай тілінде сөйлесе бастаған.

«Екеуі де қытай тілін жетік біледі. Қалғандары екеуінің не айтып жатқанын түсінбей аңырап тұрғанда, Мәсімов орысшалап: «Мен не істейін?» деп сауал тастаған. Тоқаев оған: «Бірдеңе істеуге енді тым кеш» деп жауап беріпті. Осы оқиғадан кейін үш күннен кейін Кәрім Мәсімов тұтқындалған».

«Мен бұл оқиғаны сіздерге айтып беруге хақым бар деп есептеймін. Себебі, бізге көп нәрсе айта бермейді. Қасіреттің ақиқатын айтпай отыр. Бұл оқиғаны ешкім растап бермейді. Берсе де, жүз жылдан кейін айтуы мүмкін. Құй сеніңіз, құй сенбеңіз, ерік өзіңізде. Мұны сіздермен бөліскім келді...», – деп тұжырым жасайды Orda.kz сайтының Бас редакторы.  

Тегтер: