18 Наурыз 16:40

Выручка өседі, таза кіріс құлайды. Air Astana-ға НЕГЕ сұрақ көп?

Air Astana
Фото: Фото: Nege.kz

Air Astana компаниялар тобы 2023 жылғы аудиттелген есебін жариялады. Билет сатудан выручка өссе де, артық шығындардың тым көп екені байқалады. Сәйкесінше, компания бизнес процестердің тиімділігін әлсіретіп жатыр.

2023 жылы Air Astana жалпы выручкасы 535 миллиард теңге болды. Бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 60 миллиард теңгеге артық. Негізгі түсімді жолаушылар тасымалы алып келді. Одан 520 миллиард теңге түсті. Поштадан 10 миллиард теңге пайда көрді.

Air Astana
Фото: Nege.kz

Алайда, әуе компаниясының таза кірісі 61,2 миллиард теңгеге ғана жетіп отыр. Жалпы выручкасы 60 миллиард теңгеге төмен болған 2022 жылы Air Astana таза кірісі 70 миллиард теңгеге шыққан еді. НЕГЕ?

Air Astana
Фото: "Air Astana" АҚ 2023 жылғы аудиттелген қаржылық есебі. Аудитор: KPMG

Компанияның жанармайға кеткен шығыны 20 миллиард теңгеге артқан. Бұл авиакеросиннің қымбаттағанын білдіреді. Қызметкерлердің жалақысы да өскен. Олардың жалпы саны 5 мың адамнан асады. Еңбекті төлеу қорының шығыны да 20 миллиард теңгеге артты. Әуежайлар мен навигацияға төленетін ақы 9 миллиард теңгеге көтерілді. Шығындар көбейіп бара жатыр. 22 миллиард теңге қарызды өтеуге жұмсалды.

Бұл жолы компания басшылығына төленетін жалақы мен бонустар сол қалпы қалыпты. Оған 3,3 миллиард теңге жұмсалды. Күніне кемінде 1 миллион теңге табатын Air Astana бас атқарушы директоры Питер Фостердің де айлығы айтарлықтай өсе қоймапты.

Air Astana
Фото: Фото: "Air Astana" АҚ 2023 жылғы аудиттелген қаржылық есебі. Аудитор: KPMG

2023 жылдың аяғында әуе компаниясының 51 пайыз акциясы «Самұрық-Қазына» қорында, 49 пайыз акциясы британдық BAE Systems иелігінде болатын. 2024 жылдың 15 ақпанында Air Astana IPO-ға шығып, «Самұрық-Қазына» – 10 пайыз үлесін, BAE Systems – 32 пайыз үлесін сатып, 370 миллион доллар санап алды. Одан әуе компаниясына 120 миллион доллар, акционерлерге 250 миллион доллар бұйырды. Негізгі табысты акциясын көбірек сатқан BAE Systems алды. Олар 220 миллион доллар тапты және қолдарында 16,95% акцияны сақтап қалды. 2001 жылы BAE Systems әуе компаниясына 8,5 миллион доллар инвестиция салып, акционер атанғанын ескерсек, олар үшін бұл керемет табысты жоба болды.

Air Astana компаниясының IPO-да 1073,83 теңгеге сатылған бір жай акциясы қазір Қазақстан қор биржасында 1019,50 теңге тұрады. Айналымда 356 526 315 акция жүргенін ескерсек, компанияның нарықтық бағасы 363 миллиард теңге шамасында. Яғни Air Astana құны 1 миллиард долларға да жетпейді. Демек ол Kaspi.kz-ден шамамен 21 есе арзан.