27 Сәуір 14:10

Тоқаев «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысты

Сенбілік
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған жалпықалалық сенбілікке қатысып, елордадағы «Ұлытау» аллеясында ағаш отырғызды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Алматы, NEGE. Президентпен бірге сенбілікке волонтерлер, «Ассамблея жастары» ұйымының өкілдері, еліміздің ғылым, креативті индустрия, мәдениет, спорт салаларындағы белсенді жастар және алдағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысушылар, Президенттік жастар кадр резервінің мүшелері атсалысып, жөке ағашының 430 түп көшетін екті.

Сенбілік барысында Қасым-Жомарт Тоқаев жастармен әңгімелесті. Президент қоғамда экология мәдениетін қалыптастыру, табиғатты аялау маңызды екенін атап өтті.

– Біз өз елімізді мақтан тұтуға тиіспіз. Мейлі ол көше, аула немесе үйлердің кіреберісі болсын, бәріне ұқыпты қарауымыз қажет. Вандалдармен табанды түрде күресу керек. Сондай-ақ олардың заң жүзінде қатаң жазаланатынын айттым. Әр нәрсенің шегі бар. Әйтпесе, бәрін бүлдіріп алып, кейіннен кешірім сұрайды. Елімізде тәртіп болуы керек. Заңды сақтау қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы Ботаникалық бақты аралап, жалпықалалық сенбілікке қатысып жатқан тұрғындарға, елорданың коммуналдық шаруашылық мекемелерінің қызметкерлеріне ризашылығын білдірді.