10 Мамыр 15:27

Алматыда жоғарғы санатты дәрігер соққыға жығылды

Бұзақылық
Фото: Коллаж NEGE

2 мамыр күні Алматы қалалық №4 емхананың хирургия бөлімінің меңгерушісі Рахманберді Қалымбетовті емханаға келген әлдекім соққыға жыққан. Сол сәтте-ақ куәгерлер учаскелік полицейді шақырып арыз тіркелгенімен, іс басқа бағытқа қарай ауытқып бара жатқанға ұқсайды.

NEGE тілшісі мән-жайды жәбірленуші, жоғарғы санатты хирург Рахманберді ҚАЛЫМБЕТОВТІҢ өзінен сұрап білді.

– 2 мамыр күні сағат 9 шамасында кабинетімде отырғанмын. Екі кісі кірді. Травмотолог дәрігер демалысқа шыққан еді. Оның есігі жабық тұрған. Астында талон беретіндер қателескен болу керек. Біреуінде талон бар, екіншісінде жоқ. Екеуіне: «Екінші травматолог бар, сол қабылдайды. Сол кісіге талон алып жазылыңыздар», – деп түсіндірдім.

Бір мезетте екеудің бірі менің кабинетімде жанжал шығарып, соңы маған жұдырық жұмсаумен аяқталды. Күтпеген соққының салдарынан мұрным қанап, сол көзім көгерді, төменгі ернім жыртылды. Жанымдағылар учаскелік полиция шақырды. Келген полицей өзін таныстырған да жоқ. Арызымды алды да кетті. Менен «Сізге медициналық көмек қажет пе, жоқ па?» деп те сұрамады.

Басым ауырғаны басылмай, мұрнымнан қан тоқтамаған соң, жедел жәрдем шақырдым. №5 қалалық ауруханаға барып рентгенге түсірдім. 7 ауруханада басыма компьютерлік томография жасаттым. Нейрохирург «миың шайқалған» деген диагноз қойды. Ауруханаға жатуым керек екенін айтты, – дейді хирург Рахманберді Қалымбетов.

Хирург
Жоғарғы санатты хирург Р.Қалымбетов. Фото: NEGE

Жәбірленуші 3 мамыр күні түстен кейін полиция мекемесінен сот-медициналық сараптамадан өтуге жолдама алуға барғанда да түсініксіз жайтқа тап болған.

– Учаскелік полицей екі ауруханаға тексерілген қағазымды сұрамайды. Айтсам, «WhatsApp-тан жібере салыңыз» дейді селқос қана. Рентгенге түскен қағаз ешкімге керек болмай сол күйі қалды. Олар «Сіздікі жеңіл жарақат» дейді. Сонда іс қозғалу үшін адам шығыны болуы керек пе?! Қандай болса да, сот медицина сараптамасына керек құжат қой.

Сол күні полиция қызметкерлері: «Көрші бөлмеге жүріңіз, ана жігітпен кездесесіз», – дейді. Ол мені көргеннен кешірім сұрай бастады. «Кешірім бермеймін» дедім де, шығып кеттім. Бір нәрсені түсінбедім, полиция қызметкерлері неге онымен кездесу ұйымдастырып, арағайындық жасап жүр? Әлде өзара байланыстары бар ма? – деген күдігін айтты Р.Қалымбетов.

Бұдан әрі оқиға тіпті басқа бағытқа ауытқып кеткен сыңайлы. Жәбірленушінің сөзіне қарағанда, бұзақылық жасаған адам жауапкершіліктен қашу үшін «дәрігер мені ұрды» деп, қарсы арыз жазған.

– 4 мамыр күні аудандық ішкі істер бөлімінен хабарласып: «Сіз бөлімшеге келуіңіз керек, қарсы тарап сіздің үстіңізден арыз жазды. Түсінік жазып кетіңіз», – деді. Мұны естіп, таң-тамаша болдым. Бұзақы жұмыс орнымда жанжал шығарып мені соққыға жығады да, «ұрды» деп менің үстімнен арыз жазады. «Сасқан үйрек артымен сүңгидінің» кері ме бұл? Ол мұндай «керемет кеңесті» кімнен алған? Менің құқымды қорғайды деген полицейлерден бе?

«Бара алмаймын. Біріншіден, жұмыстамын. Екіншіден, оған тырнағымның ұшын да тигізген жоқпын», – дедім. Өз құқымды білемін. Жұмыс орнымда болған соң күш қолданған жоқпын. Оқиғаның қалай болғанын екі студентім мен медбике көріп тұрды. Олар куәгер болуға дайын. Емханадағы камераларды да қарау керек. Шын мәнінде, учаскелік полицей әу баста келгенде ана жігіттен, куәгерлерден неге түсінік алмағаны күмәнді. Менің жарақатымды, әлгі жігіттің бетін суретке түсіріп алса, ол арыз жазып далбасаламас еді ғой.

Бастапқыда бұл істің оңынан шешілетініне, бұзақы жазасын алатынына сеніп едім. Ал қазір күмәнім күшейіп кетті. Сол себепті де сіздерге хабарластым», – дейді жәбірленуші.

ЧП
Фото: ғаламтордан

Бұдан кейін оқиғаның мән-жайын нақтылау үшін осы істі тіркеген полиция қызметкері Дархан ЕРБОЛАТОВҚА хабарластық.

– Сот медициналық сараптамадан өтуге жолдама бердік. Жауабын күтіп отырмыз. Оқиға болған жерге мен барған жоқпын. Бірақ келесі күні материал маған түсті. Екі жақ та бір-бірінің үстінен арыз жазды. Екеуі де сотқа барады, сотта шешіледі. Мына кісі «ұрмадым» дейді, алайда екінші тарап та «басымнан бір соққы жасады» деп отыр. Анық-қанығын сот анықтап, дәлелдейді ғой. Арыз жазса, біз қабылдауға міндеттіміз.

Куәгерлерден түсініктеме аламыз. Камера болса, оны қараймыз. Екі ай бойы материалды зерттейміз. Бәлкім, бір айдан астам уақыт кететін шығар. Содан кейін ғана сотқа жібереміз. Сосын біздің міндет – екі жақты да шақырып ымыраластыруға тырысып көру. Кешірім берсе, істі жабамыз. Бермесе, іс сотқа кетеді, – деп жауап берді Д.Ерболатов.

ДП
Фото: ғаламтордан

Биылғы жылдың басында Қарағанды қаласында Нұролат Дәкебаев деген азамат жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі соққыға жығып, бұл бұзақылық іс қоғамда көп талқыланды. Бұл іс екі ай бұрын сотқа түсіп, Жоғарғы сот процесті онлайн трансляция арқылы көрсете бастады. Бұзақылық жасаған Н.Дәкебаевтың жазасы жеңіл болмайтыны анық.

Біз бір нәрсені нақтылап алуымыз керек: видеосы әлеуметтік желі арқылы тарап, қоғамда дүрбелең тудырған істер ғана құзырлы органдардың назарына ілігеді де, медицина ғылымының кандидаты, 30 жылдық еңбек өтілі бар жоғарғы санатты хирург Рахманберді Қалымбетовтің ісі «видеосы әлемжеліге шықпағаны үшін» елеусіз қала ма?

NEGE редакциясы осы іске байланысты Алматы қалалық Полиция департаментінің бастығы Арыстанғани ЗАППАРОВҚА, Алматы қаласының прокуроры Серік КӘРІПБЕКОВКЕ және ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал ӘЛНАЗАРОВАҒА ресми сауал жолдайды.