24 Сәуір 15:08

Тұрсын Әділбекқызы: Мұғалім білікті болса, мәртебесі де биік

В.Г.Белинский атындағы орта мектеп
Фото: жеке мұрағаттан

Соңғы жылдары мұғалім мәртебесін көтеруге байланысты ауқымды жұмыс атқарылды. «Білімді ұлт» сапалы білім» ұлттық жобасы аясында «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғалы бері ұстазға деген құрмет арта түскендей.

 NEGE тілшісі мұғалім беделі, білім беру саласындағы тиімді реформа жөнінде Алматы облысы, Қаскелең қаласындағы В.Г.Белинский атындағы орта мектеп директоры Сайбырова Тұрсын Әділбекқызын әңгімеге тартқан еді. 

 – «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасында педагог мәртебесін арттыру жайында тәптіштеп жазылған. Бұл жоба «Педагог мәртебесі туралы» заңын қабылдауға түрткі болды. Бұдан кейін ұстазға деген құрмет артты ма?

– Алматы облысы, Қаскелең қаласындағы В.Г.Белинский атындағы орта мектепте 3 147 оқушы екі ауысымда білім алады. Бір қуантарлығы, соңғы жылдары көптеген халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық жобалар қолданбалы деңгейде жүргізілуде. «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы ұстаз қауымы үшін үлкен үміт күткен жоба болды. Нәтижесінде «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданды. Бұл құжатта ұстаздың мәртебесі, оларға лайықты құрмет көрсету туралы, ең бастысы ұстаздың міндеті екшеліп жазылған. Меніңше, мұғалімге деген құрмет індет кезінде, яғни қашықтан оқу барысында артты деп айта аламын. Өйткені, ата-ана да балаға білім берудің оңай емес екендігін түсініп, ұстаздың нағыз қадірін білді. Мұғалім білікті, білімді болса, оның мәртебесі де, дәрежесі де қашан да биік.

Қарасай ауданы
жеке мұрағаттан

Кезінде грантқа түсу үшін педагог мамандығын таңдайтындар көп еді. Қазір мұғалім мәртебесі жоғарылап еді, ұстаздық етуге талпынған жастар да артып жатқан сияқты. Сіздіңше қалай?

– Бұрын ең төменгі балмен педагогика мамандығына түсіп, «әйтеуір мемлекеттік грант ал алсам болды» дейтіндер көп болды. Бұл түсінік те қалды. Өйткені, педагог мамандығына түсу үшін шекті бал – 70 балдан жоғары болуы керек. Тіпті, кейбір екі шет тілін оқытатын мамандықты таңдаса, шекті балы 120 балдан кем емес. Сондықтан ұстаздық қызметке мектепте жақсы оқыған, мамандыққа деген құрметі бар, өз қалауымен келіп жатқан жастартың көбейгеніне қуанамын.

Белинский атындағы орта мектеп
жеке мұрағаттан

Одан бөлек бүгінде педагогика мамандығын оқып жатқан студенттердің шәкіртақысы жылда өсіп жатыр. Мектепке жаңадан жұмысқа тұрған жас мамандар экономикалық әлеуетке сәйкес келетін жалақы алады. Олар үш жыл жұмыс істеген соң 5 жылды күтпей-ақ категория алса, оған да қосымша үстемақы төленеді. Ал магистр, PhD дәрежесі болса тым жақсы, оған да қосымша үстемақы алады.

Жалпы орта білім беру сапасын реформалау қай деңгейде? Білім ошағында қандай жаңашылдық бар?

Біздің мектептің сыныптары соңғы заманауи құралдармен жабдықталған. Арнайы STEM, робототехника кабинеті бар. Соған сай оқушылардың жетістігі қуантады. Халықаралық, республикалық, аудандық байқауларда жүлделі орындарға қол жеткізіп жүр. Айталық, халықаралық олимпиадан бір оқушымыз бірінші орын, 5 оқушы екінші орынға ие болды. Ал республикалық олимпиададан 10 оқушы – бірінші орын, 14 оқушы – екінші орын, 19 оқушы үшінші орынға қол жеткізсе, 9 оқушы арнайы сертификат, 5 оқушы алғыс хат алды. Облыстық олимпада мен чемпионат бойынша лингвистикалық олимпиадан 2 орын, «Robotek Grand Tournament» чемпионатынан екінші, үшінші орынды иеленді. Бұдан өзге аудандық олимпиада, байқаулар аясында оқушыларымыз оқ бойы озық көрініп жүр. Біздің мектепте қазақ тілінде білім алып жатқан өзге ұлт өкілдері баршылық. Соның бірі 10 «Е» сынып оқушысы Кирилл Гребенщиковтің қазақ тілінде ойлайды, еркін сөйлейді.

Бүгінде бала қауіпсіздігін жақсартуға арналған «Қауіпсіз мектеп» жобасы сәтті жүзеге асырылуда. Сапалы білім беру және балалардың қауіпсіздігі мәселелері әрқашан мектеп басшылығының назарында. Республикалық акция аясында балаларға, ата-аналарға және мектепте, үйде, көшеде, аулада, лифтте, кіреберісте, судың жанында, жолда, көлікте қауіпсіздік ережелері туралы ескерту үнемі айтылады.  Сондай-ақ, оқушылар алғашқы көмек көрсету әдістері мен жедел жәрдем нөмірлері туралы да хабардар. 

Мектепте 102 бейнекамера мен дүрбелең түймесі бар. Санитарлық-гигиеналық қондырғылар жаңартылды. Президент тапсырмасына сәйкес, оқушыларды тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету мәселесі толығымен шешілді: 1-4 сыныптарда – 1247 оқушы, 5-9 сыныптарда – 125 оқушы.

Қарасай ауданы, Қаскелең қаласы
жеке мұрағаттан

 Сол сияқты ұстаздар да түрлі жобаларға қатысып, тәжірибе алмасып, биіктерген көрінуде. Қазіргі таңда халықаралық «Эконетворк» компаниясымен бірлесіп, «Жасыл мектеп» ұлттық жобасын жүргізіп жатырмыз. Экологиялық клуб құрылып, экорейнждерлер тағайындалды. Олар экологиялық білімін балаларға сіңіруде. Білім баладан балаға беріліп жатыр.

Белинский атындағы орта мектеп
жеке мұрағаттан

Мұндағы мақсат – балалардың бойында экология мәдениетін қалыптастыру. Бұл бала экологиялық мәдениетті үйіне апарады, отбасына таратады, тәрбиелейді десек болады. Былтыр Ы.Алсынсариннің «Алма ағашы» әңгімесі желісі бойынша арнайы бақ ашылды. Әр оқушы түп алма ағашы сияқты. Оқушы білім нәрімен сусындап, алма ағашындай жайқалып өсуі үшін бар жағдайды жасап келеміз. Қазіргі таңда бағымыз жайнап, гүлдеп тұр. Одан бөлек білім ошағында Қуыршақ театры, мектеп театры, Көлеңке театры клубы жұмыс істейді. Балабақшалармен меморандум орнағалы бері бүлдіршіндер мектепке келіп, театрландырылған қойылымдарға қатысып, келешекте білім алатын ордасымен жақынырақ танысады.